Орал қаласында ІІІ респубилкалық "Өнер әлемі" би байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық драма театр сахнасында теректілік таланттар да өнерлерін көрсетті.
Атап айтсақ, аталмыш би байқауына елімізге танымал өнер ұжымы, Теректі мақтаныштары "Жұлдыз" үлгілі би ансамблінің (жетекшісі Жанар Тайшыбаева, хореограф Дана Махамбетқызы) ең кіші екі тобы қатысып, үздіктер қатарынан көрінді.
Мысалы, "Балалар биі" аталымы бойынша 6-7 жас аралығында "Жұлдыз" үлгілі би ансамблі "Африканские бурундучки" биімен ІІ орынды жеңіп алып, Ақтөбе қаласында өтетін байқауға жолдама алды.
"Жұлдыздың" тағы бір жұлдыздары "Қазақ биі" аталымы бойынша 8-10 жас аралығындағы балғындар арасында "Ерке қыздар" биімен тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Бұл би қараша айында Астана қаласы төрінде өтетін байқауға жолдаманы қатар ұтып алды.
Жас бишілерді жеңістерімен құттықтаймыз!
Әділет Орынбасар,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz