14.03.2024, 18:00
Оқылды: 15

Қисық Қамыс көшесінде дүбірлі той өтті

Бүгін Көрісу күніне орай Жаңақала аудандық ардагерлер кеңесінің ұсынысы негізінде орталықтандырылған кітапхана ұжымы мен Қисық Қамыс көшесінің байырғы және қазіргі тұрғындары «Қисық Қамыс – қара шаңырағым» атты мерекелік шарасын ұйымдастырды.

жанакала корису 2024 (1)

М.Мирманов пен 1 мамыр көшесінің қиылысында киіз үйлер тігіліп, төл бұйымдарымыздан көрме жасақталып, ұлттық тағамдарымыздан жиылған жұрт ауыз етті.

Аталмыш көшенің жасы мен кәрісі белсене атсалысқан шараның шымылдығын аудандық Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздарынан құралған фольклорлық ансамбль Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашты. Одан соң сахна төріне шақырылған аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жаимов бар мерекенің бастауы – көрісу күнімен құттықтап, мерекеге орай ауылымыздың бір топ ардагерін марапаттады. Ғайниет Валиев бастаған көнекөз қариялар тілектерімен қоса ақ баталарын арнаған соң, Жаңақала ауылдық округі әкімінің атынан жетекші маман Сыйлыхан Жұмасалихов мерекелік думанға демеушілік танытқан өңіріміздің атымтай азаматтарына алғысхат үлестірді.

жанакала корису 2024 (2)

Сондай-ақ ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері Клара Базекешова мен Қалима Әліпқалиева аталған көшенің байырғы жұрты мен бір айлық ең жас бүлдіршініне естелік сый ретінде наурыз қоржын табыс етті. Әрмен қарай кітапхана ұжымы мен музыка мектебінің дайындаған мерекелік концертіне ұласып, Қисық Қамыс көшесінің кішкентай тұрғындары Қасиет Құдіретұлы мен Даниял Нұрбекұлына тұсаукесер рәсімі жасалды. Шашу шашылып, ән мен күйден алқа тағылып, ұлттық өнеріміз ұлықталған шарапаты мол шара соңында жергілікті тұрғындар аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастырған гір көтеру, арқантартыс, қолкүрес секілді спорттық сайыстардан бақ сынады.

жанакала корису 2024 (6)

Бүгін басталған дүбірге толы мейрам мұнымен бітпейді, алдағы он күн бойы жалғасады.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

жанакала корису 2024 (3) жанакала корису 2024 (4) жанакала корису 2024 (5) жанакала корису 2024 (8) жанакала корису 2024 (9)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале