Дәл осындай атаумен Халықаралық балалар кітабы күніне орай Жәнібек ауданындағы №1 мектеп-лицейінде аудандық әдістеме бөлімі, аудандық модельді балалар кітапханасының ұйымдастыруымен библиодесант өтті.

Мектеп ұстаздары, кітапханашылар мен кітапсүйер оқушылар бас қосқан шараның аталмыш мерекеге байланысты алғашқы құттықтау сөзі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Светлана Джукинаға берілді.
Кітаптың құндылығын айқындайтын сөздерден соң білім бұлағынан қанып ішуге шақырған оқушылар өлеңдер оқыды.
Бес бөлімнен құралған шарада қазақ балалар әдебиетімен бірге шетел әдебиеттері де насихатталды.

Аудандық модельді балалар кітапханасының мамандары «Балалар әдебиеті – тәрбиенің қайнар көзі» атты көлемді көрмені таныстырып, жас оқырмандарды ғажайып әлемге апарды.
«Оқимыз және ойнаймыз», «Сиқырлы ертегілер» бөлімдерінде балалар әдебиетіндегі түрлі кейіпкерлер оқушылармен жүздесті.
Оларға қызықты сұрақтар қойып, тамаша көңіл-күй сыйлады.

«Шекарадағы жүздесу» жобасы аясында жүзеге асқан Ресей Федерациясы, көршілес Палласовка ауданының кітапханашыларымен өткізген түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды.
Еске сала кетейік, 2 сәуір – балалар жазушысы, сіз бен біз сүйіп оқитын ертегілердің авторы Ганс Христиан Андерсеннің туған күні. Сол үшін де кітаптың, балалар әдебиетінің ұлықталатын күні. Шара соңында оқушылар көз тартар көрмені кітапханашылардың көмегімен танысып, қимай тарқасты.
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz