6.10.2026, 18:30
Оқылды: 5

«Кітап оқитын ұлт»: Ақжайық ауданында жырмен жаны егіз ақынмен жүздесу кеші өтті

Кітап оқитын ұлттың кемел келешегі ең алдымен өскелең ұрпақтың рухани ізденісінен басталады. Кітап адамды білімге жетелейді, дүниеге көзқарасын кеңейтеді. Осыны жас оқырманның санасына сіңіруді мақсат еткен «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны мен «Әдеби Ақжайық» жобасы аясында Жайық негізгі орта мектебінде мазмұнды жүздесу өтті.

9fe282b0-9b17-4ea6-9920-b801f464828a
«Жырмен жаны егіз ақын» тақырыбымен өткен кездесудің қонағы – Қазақстан Ақын-жыршылар, Жазушылар одақтарының мүшесі, «Қадыр Мырза Әлі» медалінің иегері, «Кешігіп келген көктем», «Жадырап жеткен жаз», «Күрең күз» жыр жинақтарының авторы, ақын, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Сағынтай Бисенғалиев.
Кездесудің алғашқы сәтінен-ақ ақын мен жас оқырман арасында тығыз байланыс орнады. Мектеп басшысы Мерует Ерментаева кеш қонағын қошеметпен қарсы алып, ақынның Жұбан ағамызға арнаған «Жайығына Жұбан келе жатқандай…» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Жүздесу барысында оқушылар Сағынтай Орынғалиұлының шығармашылығымен, өмір жолымен кеңірек танысты. Ақынның елжандылықты, отансүйгіштікті, туған жерге деген кіршіксіз махаббатты арқау еткен жырлары оқылды.
Емен-жарқын әңгіме арасында ақын бүкіл еліміз оқырмандарының басын біріктірген «Кітап оқитын ұлт» марафонының маңызын атап өтті.
– Бес жасымнан әріп танып, жүргізіп оқи бастадым. Содан газет-журналға, кітапқа деген қызығушылығым артты. Бүгінгі қол жеткізген жетістіктерімнің барлығы – кітап оқудың, ізденудің нәтижесі, – деді ақын. Кітаптың адам үшін маңызын осылай өз тағдырымен байланыстыра әңгімелеген ақын жас оқырмандарды кітап оқуға, білім іздеуге шақырды. «Сыр-сұхбат» айдарында оқушылар ақынмен еркін пікір алмасты. Балалардың сауалдарына жауап бере отырып, С.Бисенғалиев шығармашылық жолы, шабыт, ақындықтың жауапкершілігі туралы ой бөлісті.
Кездесу барысында ақынның «Ананы аңсау», «Сағыныш», «Ақтай алсам, жарадым» атты өлеңдерін мектеп оқушылары оқып берді. Ұстаздар қауымының төл мерекесі қарсаңында ақын мұғалімдерге ақжарма тілегін білдіріп, олардың құрметіне өзінің «Парасат пайғамбарлары» атты өлеңін арнады.
Сағынтай ақынның адамдық болмысы мен азаматтық ұстанымына қатысты жылы пікірді экран арқылы жерлес ақын, ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева да жеткізді.
Кездесу соңында Сағынтай Бисенғалиевке мектеп ұжымы атынан алғыс хат пен естелік сый табысталды.

Әсем Есбек,
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале