1972 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның шешімен халықаралық кітап жылы деп бекітіліп, 1995 жылы 23 сәуір халықаралық кітап күні деп жарияланды. Қазіргі таңда жыл сайын барлық даму жолындағы елде дәл осы уақытта кітап жәрмеңкесі өтіп, көрме жасақталып, барша кітапсүйер жандардың құрметіне аталмыш мереке тойланады.

Осыған орай бүгін Жәнібекаудандық мәдениет үйінің алдында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының ұсынысымен ұйымдастырылған дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналып, дәстүрге айналған «Кітап шоу – 2023» фестивалі өтті.
«Оқитын ұлт» жобасының аясында білім кенін ұлықтау ниетінде жүзеге асқан фестивальге ардагерлер ұйымының бір топ ақсақалдары, кітапханашылар, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты. Ұрпақ сабақтастығы көрініс тапқан шараның шымылдыған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиев жылы лебізімен ашты. Қазақ һәм шетел, балалар әдебиеті сап құрған көздің жауын алар көрменің жанында «Қазақстаным» әнін шырқаған аудан өнерпазы, әнші Райымбек Нұрғалиев көптің көңілінен орын тапты. Басты кейіпкер кітаптың өзі халық арасынан орын алып, аға және жас буын оқырмандарымен ашық сөйлесіп, өзінің ренішін білдірген кітап жиналған қауымды оқуға, ізденуге, ілім үйренуге үндеді. Жастардың білімін сынап көру үшін қызықты сұрақтар қойылды. Бірінен бірі өткен оқушы оқырмандар жарыса нақты әрі дұрыс жауап беріп, кітаптың алып-ұшқан көңілін жайландырды. Оқушылар кітапқа айтар алғысын жырға қосып, арнау өлеңдерін тарту етті. Кітапхананың тұрақты оқырманы Аяжан Қанатова ықылым заманнан бергі кітаптың шығу тарихын мүдірместен айтып берді. Балалар әдебиеті жинақталған көрмені Мөлдір Ақпанова таныстырып, балаларға бой сергітетін арқан тартыс, асық ату сынды ойындар ойнатса, Шолпан Имашева «Библио – кафе» көрмесіндегі кітаптар мазмұнын аспазшы кейіпіне еніп, тартымды тарқатты.

Т. Жароков атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің музыка пәні мұғалімі Назгүл Ситешованың Нұрасыл Нұрболов пен Фатима Жұмабек есімді шәкірттері «Кел, досым кітапханаға» әнін орындау арқылы өз замандастарын кітап оқуға шақырды.

Соңында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев ризашылығын білдіріп, кітап құнын арттыратын шаралардың жалғасын табуын тіледі. Кеш жүргізушілері ғұламалардың нақыл сөздерімен қорытындылап, фестиваль бағдарламасының шеңберінде әртүрлі ашық аспан астындағы кітап көрмелер мен мерзімді басылымдар, қызықты ойындар алаңы, интерактивті кардмейкинг, «Ертегілер елінде» алаңдарындағы шаралар өтетінін жеткізді.
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz