Кітапхана хақында сөз қозғалғанда балалар мен жасөспірім оқырмандарға ақын-жазушылардың еңбектерін насихаттап, оларға библиографиялық шолулар, әдеби кештер, әдеби квесттер, туған өлкенің тарихы, мәдениеті туралы танымдық шаралар өткізіп жүрген Илан Тінәлиеваны айтпай кетуге әсте болмас.
Илан Қуандыққызы 1968 жылы 6 желтоқсанда Бәйтерек ауданы Чинарево ауылында дүниеге келген. 2009 жылы музыкалық колледжді тәмамдаған ол «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алды. Он бес жыл бойы мамандығының ыстық, суығын елемей еңбек етуде.
Долин ауылдық кітапханасының меңгерушісі бүгінде «Возрожденная из пепла», «Пробуем перо», «Сезам» қуыршақ театры, «Жас саяхатшы» атты туған өлкемізді насихаттау бағытында кітапханалық жобаларды қолға алған.
Одан бөлек 2015 жылдан бастап, «Федоров ауылындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» кәсіподақ комитеті төрағасы жұмысын қоса алып, қажетті талаптарды толық орындап, жұмысқа деген қабілетін көрсетуден жалыққан емес.
– Илан Қуандыққызы іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өз жұмысына ынталы, адамдармен тез тіл табыса біледі. Ол өз ұжымының арасында да сыйлы және оқырмандарының зор ықыласына ие, - деді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Римма Болатова.
Кәсіби шеберлігі, жұмысқа деген шығармашылық көзқарасы және таңдаған мамандығына адалдығы үшін ол облыстық мәдениет басқармасының, Ұлттық академиялық кітапхана басшысы, профессор Үмітхан Мұңалбаеваның, Астана қалалық «ANTIKOR ORTALIGI» ақпараттық-ағарту штабының жетекшісі, жазушы Сәдібек Түгелдің алғысхаттарымен, «Үздік кітапхана онлайн жоба-2021» дипломымен марапатталған.
2021 жылы Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына-2021» фестивалінде «Возражденная из пепла» кітапханалық онлайн жобасы республика бойынша үздік атаныпты.
Санамалай берсек, мұндай марапаттарды тізбелей беруге болады-ақ. Бірақ осының өзінен оның біліктілігін аңғарамыз.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы