16.04.2026, 17:15
Оқылды: 36

Кітапханашылардың облыстық конференциясында көне кітаптар тарихы таныстырылды

IMG_0068

IMG_0047

Оралдағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталықтандырылған ғылыми - әмбебап кітапханасының ашылғанына 155 жыл толуда. 

Жымпитыда өткен «Жаңа кітапхана – ұлттық сана мен руханият келбеті» облыстық  конференцияда кітапхана тарихына арналған "Бас кітапхана-ортақ тарих» атты облыстық жобаның таныстырылымы болды. 

Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – Қазақстандағы ең байырғы кітапханалардың бірі. Оралда 1812 жылы әскери училище  ашылып, жанынан кітапхана ұйымдастырылды. Бірақ, ол қарапайым халыққа қолжетімді емес  еді, тек оқушыларды ғана қажетті әдебиетпен қамтамасыз етіп отырды. 1858 жылдан бастап бұл кітапхана көпшілік кітапханаға айналды. Оқу ісі дамыды, заман жаңа талаптар қойды. 1871 жылы  сәуірде Орынбор генерал губернаторының рұқсатымен  ресми түрде Әскери көпшілік кітапхана құрылды. Міне, осы жылды қызылмен белгілеп, оқығандар Жайық өңіріндегі кітапхана тарихын тарқатады. Сол кезде сөреде 4750 том кітап қоры болған. 

1939 жылы қоғамдық ұйымдар, белсенді оқырмандар мен кітапхана ұжымының өтінішімен  Қазақ ССР  Жоғарғы Кеңесінің Президиумы кітапханаға Надежда Константиновна Крупская есімін беру туралы шешім шығарды.

1948 жылы кітапхана Киров көшесіндегі 47 үйге көшірілді. (қазіргі Карев көшесі). Содан бері кітапхана осы күнге дейін  Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониямен бірге ғимараттың оң қанатында жұмыс жасап келеді.

1950 жылы кітапхана жанынан біржылдық кітапханалық курс ашылады.

2000 жылы кітап сарайына ақын Жұбан Молдағалиевтің аты берілді. 

Жұбанның өзі бұл кітапхана туралы "Үлкен әлемге - мәдениет әлеміне тұңғыш есік ашқан ескі ақылшым..." - деп баға берген кітабына берген қолтаңбада. 

Бүгін таныстырылымда көзімізді тоқтатып, көңілімізді баураған - ескі кітаптар. Жымпитыдағы жұрттың назары 1887 жылы Парижде басылған Альфонс Даудеттің  “Tartarin de Tarascon” кітабы, Еуропадағы ағарту дәуірінің педагогы Аббат Миллоттың 1806 жылы басылған тарих кітабына ауды. Көне кітап деп 1793 жылы шыққан сөздікті айтуға болады. 

Жұбан кітапханасында Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов, Хамза Есенжанов секілді қаламгерлердің жеке қолтаңбасы бар кітаптар бар екен.

Б. Шерім, 

“Сырым елі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале