2.04.2021, 22:30
Оқылды: 392

Көгерістіктердің жоғалған жылқылары табылды

Ақпан айында бірнеше күн қатарынан болған аязды, үскірік боран естеріңізде болар. Сол күндері Сырым ауданына қарасты Көгеріс ауылының 6 тұрғынының 34 жылқысы ығып кеткен болу керек, иелері таба алмай қалды. Аяқ жетіп, көлік жүретін жерге дейін іздеді.

1B78E396-8B18-4B92-A21F-74B98158111E

   19 наурыз күні аудандық полиция бөліміне көгерістік Қ.Сапаров, А.Хайруллин, А.Нұриддинов, А.Рахманқұлов, А.Лұқпанов, Е.Есенболовтар  арыз жазып, тақтұяқты түліктерін тауып беруге көмек сұрайды. Малдарын қараусыз жібергендері үшін тиісті айыппұлдарын төледі. Содан кейін Сырым аудандық полиция бөлімі Көгеріс тұрғындарының жылқыларын іздестіруге кірісіп, 30 наурыз күні тауып берді. Белуардан асатын қалың қарда жылқы да, басқа техника да жүре алмайтын болғандықтан, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Кенжебек Қоспаев облыстық полиция департаментінен 2 қар көлігін алдыртып, іздеу жұмыстарына жұмылдырды. Облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау басқармасының қызметкерлері, Бұлдырты ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Сұлтанбек Исламғалиев іздеу жұмыстарын жүргізді. Жылқылар қысы қатты, қары қалың Жосалы бағытынан табылды.

    Аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығы Бағдат Сыдықовтың мәлімдеуінше, іздестіру жұмыстары таңертеңгі сағат 6:00-де басталды, жоқшылар жылқылары аман-есендігіне көздері жетіп, тұрған орнын көріп қайтты, қар кетіп, жер аяғы кеңіген соң айдап әкеледі. Әзірге қалың қардан жылқылар жүре алмайды.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале