3.03.2022, 20:15
Оқылды: 136

«Көктемді ертіп келеміз»

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Сүмбіле» шығармашылық бірлестігі Теректінің төріне келді, «Көктемді ертіп келеміз» атты  кеш — тек өлеңнің емес, сұлулықтың, әсемдіктің, кербездіктің кеші болды.

705C7CBE-F0C8-4E94-A3E1-FE439C054D37

Айта кетейік, «Сүмбіленің» құрамында сегіз ару, яғни  Н.Тұрсынхан, Н.Темір, А.Үмбетқали, А.Нұржанова, А.Мирланқызы, А.Сағынбай, А.Асхатқызы, А.Насиева сынды бойжеткендер бар. Бірлестіктің қатарында теректілік  «Ғазал» жас ақындар клубы мүшелерінің бой көрсеткені — аудан үшін қуанышты жәйт.

Жауһар жыр кешіне аудан әкімі Тілек Габдушев, Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының актеры, режиссер Самал Абуов, актриса, аудармашы Эльмира Мақашева, есімі елге белгілі жазушы, журналист Жадыра Шамұратова, ақын, журналист Асантемір Қаршығаұлы, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Әділгерей Зұлқаров сынды өнер жанашырлары қатысты.

AA17F5C4-04E6-4018-B933-5C2B3238BC42

«Сүмбіленің» сегіз қызына сүйеу болуға теректілік сегіз сері де табылды. Оның ішінде М.Сыдықов, А.Әбілқалым, Н.Иса, Н.Ғұмар, А.Әлібекұлы, Е.Маратов, Е.Тельманов, Ә.Орынбасаровтар да бар.

Жыр кешін дуэльге айналдырған ақындар өз өлеңдерімен қатар, Е.Раушанов, А.Бақтыгереева, Ф.Оңғарсынованың жырларын тебірене оқыды. Әр жұп сахнаға беттеген сайын көрерменнің қошеметі де ерекше. Жырға шөлдеген жұртшылықты  ақындар өлеңмен сусындатты, аудан халқын  өнерлерімен тебірентті.

Мерекелік кеште нәзік жандыларға арнап ақсуаттық Е.Қыранұлы күй орындаса, Е.Мағзом мен А.Дәулетқалиев әсем әндерін арнады.

Кеш бойы  жырдан қуат алған жұртшылық риза. Аудан әкімі Тілек Александрұлы жас ақындарға алғысын білдіріп, арнайы алғыс хат пен естелік сыйлығын табыстады.

Сонымен қатар құрметті меймандар да ақжарма тілектерін ақтарып,  «өнерлі жастар тұрғанда қазақ поэзиясының өлмейтініне сенеміз» деп тарқасты.

 Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале