22.05.2024, 18:00
Оқылды: 0

Көктемгі көгалдандыруға үлесіңізді қостыңыз ба?

Жылда көктем келіп, күн жылынған сәттен бастап көшет егу науқаны басталады. Адам баласы үшін ең қызу мезгілде кетпен-күрегін сайлап, көше жағалап көшет егіп жүргендерді бұл уақытта жиі кездестіреміз. Жалпы көгалдандыру көшет отырғызумен ғана шектелмейтінін де ұмытпау керек. Еккен теректің тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі күпті, бабы мықты болу керек емес пе? Осыған орай Жаңақала ауданындағы кейбір үйлерді аралап, еңбекқор жандармен пікір алмасып, ақыл-кеңестерін сұрадық.

Көктемгі көгалдандыруға өз үлесіңізді қостыңыз ба (3)

- Ұрпақтан ұрпаққа қалған жақсы өнеге, үлкен үлгі саналатын кәсіп түрі – тал егу. Дәл қазір сауда орындарында түрлі көшет, жидек пен жеміс самсап тұрса да, өз еңбегің сіңген, өз бақшаңнан үзіп жегенге не жетсін?! Алайда бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін еңбек. Ауланы гүлдендіру, көгалдандыру жұмыстарымен айналысу әр адамның сүйікті ісі деп білемін. Ауламызда түрлі көп жылдық гүлдер мен жеміс ағаштары бар. Оларды баптау, жыл сайын түбін әктеп, күтім жасау мен үшін ешқашан қиындық тудырған емес. Ағаш отырғызу, бау-бақша баптау да үлкен өнер. Бұл жұмыс адамнан жанашырлықты, тындырымдылықты, еңбекқорлықты талап етеді. Көктем мезгілінде гүлдейтін мамыргүлдің (сирень) хош иісі шарбаққа ерекше бір леп сыйлап, адамдардың көңіліне қуаныш ұялатады. Ал жеміс ағаштары зиянкестерден қорғалып, сондай-ақ уақытында суарылып, жақсы күтім көрсетілсе, мол өнім беретіні сөзсіз. 12 жылдан бері алма, қара өрік, алмұрт ағаштарын өсіріп, берген өнімдерінен тосап қайнатып, керек кезде рахатын көріп отырмыз, - дейді Лиза Губашева көшесінің тұрғыны Салтанат Қарекенова.

Көктемгі көгалдандыруға өз үлесіңізді қостыңыз ба (4)

Түрлі түптерді егумен үш жылдан бері айналысып жүрген ауыл тұрғыны Аслан Саурбаевтың бір ауыз әңгімесіне де құлақ түрдім.

- Былтыр 500 түп алма ағашын аудан халқына тегін бердім. Қазіргі таңда сұранысқа ие және ауданда көп таралмаған ағаш түрлерін саябақтарға, мекемелердің ауласына еккім келеді. Яғни қорғалатын, камера орналасқан сенімді жерлерге. Мысалы: аурухананың, әкімшіліктің, мәдени-демалыс орталығы сияқты мекемелерге. Өзім саз мектебінде күзетші болып жұмыс жасаймын. Бос уақытымда ғаламтордан қарап, түрлі дәндерге тапсырып беріп, кейбірін топтастырып отырғызсам, кейде ажыратып егемін. Ресей, Араб елдері, Түркия сияқты түрлі аймақтарға тапсырыс беріп көрдім. Кейде климатқа байланысты шыбықтар мезгілінен бұрын өліп қалып жатады. Youtube арналарындағы қолданушылармен де тікелей байланысқа шығып, түсініксіз болған сауалдардың жауабын сұраймын. Мен үшін ізденіс үнемі бірінші орында. Өскіндердің барлығына дерлік көп пайдасын тигізіп тұрған «калифорния құрты» атауымен танымал болып жатырған жәндік түрі. Ол топырақты тазартып қана қоймай, зиянкестерді жоюға, ерте өлмеуіне көп септігін тигізеді. Яғни, сиыр, қой, тауық гөңдерін және күнделікті тамақ қалдықтарын, шарбақтағы шөп қалдықтарын өңдеп, таза, табиғи қара топырақ жасап, жерді құнарландырып береді. Топырақты тазарту үшін арнайы өз қолымнан електерді де дайындап қойған болатынмын. Калифорниялық шылаушындарды асырап жүргеніме екі жылдың үстіне шықты. Сонымен қатар, бір айдай уақыт болды.Дендробена атты шылаушын құртын сатып алып, асырап жүрмін. Сүйікті ісің кәсібіңе айналса жақсылықтың белгісі деп білемін. Алдағы уақытта тоқтап қалмай, жаңа бизнесті бастау үшін берілетін кәсіпкерлік мақсаттағы қайтарымсыз грант байқауына қатысып көргім келеді. Сатылымға шығарып та, қызығатын жандар болса өз септігімді тигізсем деймін. Бұл бір жағынан еңбек болса, бір жағынан адамның жанына жайлылық, таза ауа сыйлайды. Тағы бір тоқтала кететін мәселе, өзім тұратын Есен Орақбаев көшесінің бойына көл суының келмейтіндігі жанымды қынжылтады. Көктем келіп, жер кебе бастаған сәттен бері бақшаны ауыз сумен суарып келемін. Бұл мәселе шешімін тапса, барша тұрғындар үшін игілікті іс болар еді. Қысқа ғана ғұмырда әр пенде өз жері, елі үшін аянбай еңбек ету керек. Әр бір адам кем дегенде бір түп теректен егетін болса, мекеніміз жаңаланып, гүлдене түсер еді. Шаң басылып, көк орай шалғын көп болар еді. Гүл атқан әр ағаштың сиқы ауылымызға жасалған қайырымдылық секілді болар еді, - дейді кейіпкер.

Көктемгі көгалдандыруға өз үлесіңізді қостыңыз ба (2)

Иә, Аслан ағайдың ауласында 400-ге жуық алма терегінің түбі, қара өрік, алмұрт, жүзім ағаштары, құлпынайдың 40-түбі, туя және балқарағайдан 10-түп, Шотландия қарағайынан 40-түп, қырым қарағайынан 500-түп, емен ағаштары және басқа да теректің сан алуан түрлерінен бой көтеріп тұр.

Көктемгі көгалдандыруға өз үлесіңізді қостыңыз ба (5)

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен түскен ақпараттар бойынша өткізілген сенбіліктерде барлығы 400 терек отырғызылса, жыл бойынша 470 терек егілген.

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале