Шыңғырлау ауданында көктемнің алғашқы мерекесі 1-наурыз Алғыс айту күні кеңінен тойлануда. Аудандық «Болашақ» бөбекжайында Алғыс айту күні қарсаңында ұлттық киімдер киген тәрбиешілер келген бүлдіршіндер мен ата-аналарын күтіп алып гүл шоқтарын табыстап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Аудандық кітапхана ұжымы бүгін келушілерге бауырсақ пен көже ұсынып, мерекемен құттықтап жатыр. Көктемнің алғашқы күнінің осылай басталуы күні бойы көтеріңкі көңіл күймен жүруге, тіпті наурыз айын жадырап, жайнап өткізуге себеп болары анық.
Айта кетелік, кітапхана ұжымы ұлттық нақыштағы киімдерімізді киіп жүруді дәстүрге айналдырып, көпті сүйсіндірген болатын. Рухани байлықтың ошағы – кітапхана қызметкерлерінің осындай бастамаларды көтеріп, әркез қазақы құндылықтарымыз бен мәдениетімізді дәріптеп жүретіні қуантады.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты аудандық мәдениет үйі қызметкерлері ауыл тұрғындарына сауалнама өткізді. Мереке туралы қаншалықты білетіндерін сұрап, өз жақындарына, барлық аудан тұрғындарына алғысын білдіруге мүмкіндік берді.
1-наурыз Алғыс айту мерекесінде өздерінің алғыс, тілектерін жеткізуге себепші болған осындай шараға халық ризашылықтарын білдіруде.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz