Шыңғырлау ауданында осы күнге дейін басты мәселенің бірі болып келген тұрмыстық қалдық полигоны еді. Әр үй-көшеден шығарылған тұрмыс қалдықтары белгіленген жерге жеткізілгенімен әр жерге төгіле салатындықтан белгіленген аймақ тұрқы созылып, бей-берекет болған еді.
Тұрғындардың да салғырттық танытып келе жатқандары соншалық арнайы қоқыс орнына жетер-жетпестен, шыдамдары жетпей аула-қорадан шыққан қоқысын төгіп жүре беретіндігі қынжылтып жүрді. Бұл туралы ауылішілік кездесулерде қанша айтылып жүргенімен, құлақ асып жатқандардың саны азайған ештеңесі жоқ. Дұрысы бұл аймақты қоршап тастау қажеттігі туындады.
Тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигон аудан орталығынан 2 шақырымдай қашықтықта орналасқан тұғын. Көлемі - 7 гектар. Енді міне, сәті түсіп, осы қоқыс қалдықтарына арналған аймақты қоршау жұмысын мемлекеттік сатып алу порталының қорытындысы бойынша жеңімпаз болып танылған «Адиамар» ЖШС (А.Досжанов) жүргізді. Ұқыпты етіп қоршалған аймақ көлік емін еркін кіру үшін кеңінен ашық қалдырылған. Ендігі жерде үп еткен желден аудан маңайын ала ұша жөнелетін пакет, қағаз сынды жеңіл нәрселер арнайы қоршауға тұтылары сөзсіз. Бар мәселе, осы жасалған жұмысты бағалап, көктем шыға қоқыс алаңына асығатындар көліктерін полигон ішіне кіргізіп, ұқыптылық танытса дейміз.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz