Чапаев ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында абаттандыру және қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Биыл трассадан полигонға тартылған ұзындығы 1 шақырым жол жөнделуде. Қазіргі таңда жолды биіктету және автогрейдермен тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Полигонды сенімгерлік басқаруға алған жеке кәсіпкер Д.Төлепбергенов атқаруда.

Сәуір айынан бастап полигонды күзету үшін үш адам жұмысқа қабылданды. Күзет қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған арнайы бақылау бекеті орнатылды. Құны 1 миллион 300 мың теңгені құраған нысан жарықпен, кондиционермен және қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Кәсіпкердің айтуынша, өткен жылы полигон басына 360 градус аумақты толық бақылай алатын бейнекамера орнатылған. Алдағы уақытта полигонның әр бұрышына қосымша бейнебақылау құрылғыларын орналастыру жоспарлануда. Қазіргі кезде түнгі уақытта нысан басын жарықтандыратын шамдар орнатылуда.

– Кейбір тұрғындар қоқыс шығару қызметіне ақы төлеуден жалтарып, қалдықтарды түнгі уақытта рұқсатсыз төгіп кетеді. Күзетшілер таңғы сағат 8:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Соған қарамастан өзім де түнгі рейдтер ұйымдастырып, жағдайды бақылауда ұстап жүрмін, – дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар Чапаев ауылында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 60 қоқыс контейнері орнатылған. Бұл жұмыстар елді мекеннің санитарлық тазалығын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.
Нұрбек Ихсан
Ақжайық ауданы
