14.05.2024, 23:30
Оқылды: 6

Қоқыстың зардабы оқыс тиеді

Бүгін Теректі ауданының әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс он бесінші сессия мәжілісі өтті.

IMG-20240514-WA0073

Жиынға аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, аудан депутаттары мен бөлім басшылары қатысты. Алдымен аудан басшысы Әлия Биғазықызы 2023 жылда игерілген қаражат туралы депутаттар алдында есеп берді. Мәжілістің күн тәртібі бойынша ауданымыздың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бекіту һәм өзгерістер енгізу, 2024-2028 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны, аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның құрамын бекіту және әкімдіктің дербес құрамына келісу туралы талқыланды. Аталған мәселелерді аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ғабит Ғазиев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайыржан Есетов, аудан әкімі аппаратының басшысы Мирлан Еркібаев баяндады. Ғабит Талаптанұлы сәулет, қала құрылысы, құрылыс бөлімі бойынша қайтарылатын қаражатты жеткізіп, қосымша бөлінген қаражаттардың ауданымыздағы әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындарға баспана салу жоспарда бар екендігін айтты. Сонымен қатар аудан көлеміндегі игі істерге жұмсалатын қаражаттың маңыздылығына тоқталды. Айталық, тұрғын үйлер салудан бастап мәдениет бөлімін көлікпен қамтамасыз етуге, ауылдардағы электр бағаналарын ауыстыруға, қатты тұрмыстық қалдықтардың шығарылуына екпін түсірді. Сондай-ақ ауданымызда қоқыс мәселесі бір жолға қойылмай тұр. Подстепный ауылындағы қоқыс төгілетін арнайы орын жабылып, аудан әкімдігінің ұйғарымымен Шаған ауылдық округіне қарасты Жаңа өмір ауылына көшірілген болатын. Дәл осындай күйді Ақсуат ауылы да кешіп тұр. Бірақ тұрғындар ештеңеге қарамастан, жабылған орынға қоқыстарын тастауда. Жаңа өмірге жақын ауылдар қоқыс төгетін арнайы орынды ескерсе дейміз. Осы орайда депутаттарға күл-қоқыс төгетін орындарды ұйымдастыру, сұрыптау бағдарламасы таныстырылды. Қайыржан Төлегенұлы бағдарламаны алға тартып, негізгі шараларын, мақсатын, күтілетін нәтижелерін түсіндірді.

IMG-20240514-WA0070ф

-Бағдарлама аясында қауіпті қалдықтарды жинау және тасымалдау жүйесін ұйымдастыру, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін енгізу, қалдықтармен жұмыс жөніндегі нысандарды салу және жаңғырту шараларын жүзеге асырамыз,- деді Қайыржан Есетов өзінің баяндамасына сүйеніп.

Дегенмен түйткілді жайтқа қатысты депутаттар сұрақтарын қойып, бағдарламаның шикі тұстарын жарыса айтты. Тоғыз депутаттың үшеуі қалыс қалды. Себебі бағдарламаны жеткізуде нақтылықтың жоғы болды. Яғни құр сандық көрсеткіш пен жылдардан үміт күту бос әурешілік деп есептеді.

-Мысалы аудан орталығында қоқыс шығарудың бағасын бірден үш есеге көтергенде халық наразы болды. Біз ең әуелі тұрғындарға қолайлы тұстарын анықтап, елмен санаса білуге тиіспіз. Сөз жоқ, өршіп тұрған қоқыс мәселесін алдын алуға жоба немесе бағдарламалар керек-ақ. Бірақ нақтылықты да ұмытпайық. Әлі зерделеп, оңтайлы шешімін табуымыз қажет. Сондықтан әзірге қалыс қаламын,- деді аудан депутаты Әділет Орынбасаров.

Айтатыны жоқ, егер бағдарламаның темірқазықтай жол көрсетер тұсы болса, қос қолдап келісуге болады-ақ. Өйткені көшеден ит-мысық сүйреп, аудан сәнін бұзған қоқыстарға қарап ішің ашиды. Ал оған арналған бағдарламаның да жан-жақты зерттелгені дұрыс болар. Не болса да, алдағы уақытта тұрмыстық қалдықтарға арналған орындар жүйесі қалыпқа келсе бір, қоқыстар өңделсе екі мәрте бөркімізді аспанға атып, қуанбақшымыз. Жиында күн тәртібінен тыс титыққа тиген жол құрылысы, жолдарды күтіп ұстау хақында пікірлер айтылды. Депутат Мирас Әлібекұлы Барбастау – Индер тасжолының сапасына ашынды. Депутаттың айтуынша, жақында өзі барып, жолдың құрылысын қадағалап кеткен. Оның ендігі талабы облыстағы жауапты мамандармен сессияда жүздесіп, анық-қанығын сұрау болды. Аудандық жолға жауапты бөлім хат жолдағанын ескертіп, «біздің қолда өзге билік жоқ» деген сыңай танытты. Мәжіліс соңында Мирлан Сағытжанұлы сөз алып, дербес құрамдағы өзгерістерді айтып, терроризмге қарсы комиссия құрамына келісуді ұсынды.

Ақтілек Әлібек,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале