21.08.2026, 15:15
Оқылды: 7

Көл жағасындағы басқосу

Өткен сәрсенбі күні Қонақай көлінің жағасы ерекше көркейе түскендей болды. Оған себеп – ауданымыздың жалынды жастары сұлу көлдің жағасында бас қосып, кешкі алау жанында жарасты жиын құрды. «Жастармен бірге» деп аталатын мазмұнды жиынның басты мақсаты – ауданымыздың белсенді жастарының басын біріктіріп, өзара ашық әңгіме, еркін пікір және шынайы диалог алаңын құру. Еркін форматтағы кеңестің басты қонағы – аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы  жастарға жылы лебізін білдіріп, бүгінгі басқосудың сәтті өтуіне тілектес екендігін жеткізді. 

image-21-08-26-02-32-2

«Елдің ертеңгі тірегі, бүгінгі сенімі – жастарда. Сондықтан әрқайсыңыздың біліміңіз, еңбегіңіз бен жігеріңіз туған жеріміздің өркендеуіне үлкен үлес қосатынына сенім мол. Білім мен ізденісті серік етіп, биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін»,-деді Мұрат Амангелдіұлы жастарға қарата айтылған сөзінде.

image-21-08-26-02-32-14

Өз кезегінде жастар да пайымды пікірлерімен бөлісіп, топ ішінде толғандырған сұрақтарын ортаға салды. Шара барысында өткізілген қызықты логикалық ойындар мен танымдық тапсырмалар кездесу мазмұнын толықтыра түскендей болды. Жалыны жас жүректерге жігер сыйлаған алау жанында отырған аудан жастары гитарамен ән шырқап, алты шекті аспаптан әуелеген әсем әннің ырғағымен көңілдері шаттана түскендей әсерде болды.

image-21-08-26-02-32-3

«Жастар кез келген қоғамның қозғаушы күші. Аудан болашағы сол аудан жастарының белсенділігіне, идеясына және азаматтық ұстанымына тікелей байланысты. Бүгінгі басқосуымыздың бағыты да жалпы жастарымыздың, соның ішінде оқуларын аяқтап, ауданға енді келіп жатқан жастардың ойларын тыңдап, оларға қолдау білдіру. Арамызда жүрген белсенді жастарды насихаттау да біздің бүгінгі шарамыздың негізгі бағыты»,-дейді жастар көшіне жаңадан басшы болып сайланған Жасқанат Ерсайынов.

image-21-08-26-02-32-6

Кеш соңында жастар шағын дастарханнан дән татып, естелік суретке түсті.

 

Адақ ТАНАБАЙҰЛЫ,

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале