23.12.2022, 13:02
Оқылды: 55

Көліктерді заңдастыру 1 қаңтардан басталады

ҚР Президенті 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ел аумағына ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін шет елден әкелінген автокөліктерді заңдастыруды тапсырған болатын. Осы орайда, бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі аппараты аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып шет елден әкелген көлік иелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу мақсатында кездесу өткізді.

1

Кездесуде сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жақсылық Абдолов: «Алдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап шілде айының 1-іне дейін шетелдік автокөліктерді заңдастыру қайта жалғасады. Осы жарты жыл ішінде шетелдік автокөліктерді тізгіндеген адамдар көліктің барлық құжатын дұрыстап, тіркеуге қоюы қажет. Кейінірек әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды және жалпы негізде тіркеледі. Биыл 1 қыркүйекке дейін әкеліп, тіркеуден өтпеген көліктерді заңдастыру тәртібін жүргізуді айқындайтын Үкімет қаулысының жобасы әзірленген», - деді.

Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мейрамхан Бапаховтың айтуынша, бұл жоба талқылаудан өту үшін 29 қараша күні ішкі істер министрлігінің сайтында орналастырылған.

- Заңдастыруға жататын автомобильдер іздестіру базасында тіркелмеуі, бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы, толық кедендік тазартудан өтуі тиіс. Беларусь, Ресей және Арменияда тіркелген автомобильдер үшін кедендік тазартудан өту талап етілмейді. ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер кедендік тазартудан өтуі тиіс. Егер автокөліктер талаптарға сәйкес келсе, оларды тіркеуге еш кедергі жоқ. Шығарылған жылы және заңдастырылатын автомобильдерге экологиялық сыныпқа сәйкестігі бойынша қандай да бір шектеу қойылмайды. Ал тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді алғашқы тіркегені үшін 200 мың теңге мөлшерінде біржолғы алым төленіп, заңдастыру міндеті қойылды, - деді Мейрамхан Темірханұлы.

Мемлекеттік органдар автокөліктерді заңдастыруды барынша қарапайым және түсінікті ету тәсілдерін әзірлеуде. Автокөліктерді заңдастыру үшін полицияға онлайн-өтініш беру мүмкіндігі пысықталуда. Полициямен байланыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылады. Тіркелген көліктерге қарапайым ақ нөмірлер беріледі. Полиция қандай да бір шектеулер қоймайды. Еуразиялық экономикалық одақтың тауары болып табылмайтын автокөліктер кедендік баждарды төлеуі тиіс. Бұл үшін Қаржы министрлігі азаматтарға қолайлы кедендік декларациялау тетіктерін әзірлеуде. Заңдастыруды өткізудің барлық шарттары әзірленгеннен кейін Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданатын болады. Айта кету керек, заңдастыруға «қылмыстық« және кедендік бақылаудан өтпеген автокөліктер кірмейді.

2

Жиын барысында қатысушылар тарапынан түрлі сауалдар қойылды. Мәселен, 1 қаңтардан кейін сақтандырумен автокөлікті жүргізуге бола ма? Автокөлікті тіркегеннен кейін нөмір Оралдан беріле ме? Бас сенімхат болса не істеуге болады? Ресейден шығарылған автокөлік көп ұзамай сол жақтың тіркеуінен шығарылып тасталды, сол кездегі әрекет қандай? Сатып алу-сату шарты қайта сатып алушы мен көлік иесі арасында жасақталса қалай болады? Оң жаққа ауыстырылған руль мен көлікке орнатылған газдың құжаттары Арменияда тіркелген жағдай ше? Көліктің нағыз иесі қайтыс болған жағдайда не істеуге болады? Автокөлікті тіркеу үшін қандай құжаттар қажет? Тіркеуге өтінішті берместен бұрын бережақтың бар-жоғын қалай білуге болады? сынды сұрақтар орын алды. Ж.Абдолов пен М.Бапахов барлық қойылған сауалдарды жазып алып, барынша жауап берді. Алдағы уақытта аталмыш мәселеге қатысты тағы да жиын өтетін болады.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале