Қаратөбе ауданында 5 қарашада өтетін аудан әкімі сайлауына байланысты тәжірибе алмасу семинары өтті. Семинарға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шафхат Өтемісов, Батыс Қазақстан облысы сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Семинарда бастап сөз алған аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Нұрлан Оразов сайлауға дайындық барысында сайлаушыларды толыққанды ақпараттандыру, сайлаушылар тізімін жасақтау, шақыру қағаздарын жеткізу, сайлау учаскелерінің жабдықталуы, дауыс беру тәртібін заң аясында жүргізу, сайлаушыларды ынталандыру сынды атқарылуға тиісті жұмыстарды атап өтті.
Басқосу барысында сөз сөйлеген облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов:
– Өздеріңізге белгілі биылғы 5 қарашада аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау пилоттық жобасы іске қосылды. Пилоттық жоба аясында Қаратөбе ауданыны әкімінің сайлауы да жүзеге аспақшы. Осы орайда заң талаптарына сай аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін халық білуі керек. Аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жоспарлы жұмыс атқаруы қажет. Сонымен қатар олардың жұмысы барынша ашық болуы керек, - деген Ғайса Қапақов сайлау кезінде кездесетін түрлі жағдайларға байланысты түсінік беріп, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» конституциялық заңы аясында атқарылуы қажеттігіне комиссия мүшелерінің назарын аударды.
Учаскелік сайлау комисиясы мүшелерімен өткен түсінік жұмыстарында №274 Ақтайсай сайлау учаскесінің мүшелері шеберлік сағатын ұйымдастырды.
Басқосу соңында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Есенжол Ғабдраш семинарға қатысушыларға сайлау науқаны кезеңінде сайлау құжаттамасы мен мәліметтерді рәсімдеу тәртібі туралы баяндады.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz