Қазақстанның кең байтақ жеріндегі әр елді мекенін сапалы интернетпен қамту – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған тапсырманың бірі.
Осы мақсат-міндеттің орындалуына ақжайықтық кәсіпкерлер де үлес қосуда. Жуырда Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылындағы «Бірлестік» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрболат Қадырғалиев «КСЕLL» байланыс орталығымен келісім шарт жасай отырып, өз қаражатына биіктігі 21 метр болатын байланыс мұнарасын орнатып берді. Жұмысшылар мен техникаларға төленетін еңбекақыларын қосқанда, бұл шаруаға кәсіпкердің 1 млн. 500 мың теңгесі жұмсалыпты. Енді көнеккеткендіктер «4G» жылдамдықпен интернетті үздіксіз пайдалана алады.
– Орталықтан шалғай болғасын, ауылымызда осы күнге ұялы байланыстың сапасы өте төмен еді. Осыған дейін бірнеше мәрте «Актив» орталығына хабарласқанбыз. Жаз айларында жерін рәсімдеп, осы орталықпен келісімшарт жасастық. Құжаттары реттелген соң, қалған жұмысты Нұрболат өз қолына алды. Яғни мұнарасын сатып алып, байланыс желілерін тартатын мамандарды жеткізіп, өзге де қызметкерлерге еңбекақысын өз қаражатынан төледі. Азаматымыздың мәрттігіне риза жерлестері, – деп ақжарма алғысын ақтарды ауыл тұрғыны Нұргүл Темірғалиева.
Әсет Орынғали,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz