3.06.2022, 10:15
Оқылды: 61

Көнекөздің ғибраты

Даналықтың алтын кілті – халық мұрасында десек, сол құндылықтарды бүгінгі ұрпаққа алдыңғы буын жалғап келе жатыр. Солардың бірі және бірегейі – өзінің  үлгісімен ұлттық өнерімізді, ата-баба ардақтаған қасиеттерді айшықтаған мергендік Аманғали Қайсағалиев ақсақал. Күйші, қолөнер шебері, спортшы, шежіреші, көнекөз қарияны 80 жасқа толуына орай жерлестері қошеметтеп, онымен кездесу кешін ұйымдастырды. Мазмұнды шараға оның замандастары, шәкірттері, ауыл тұрғындары, туғандары қатысты.

3

Емен-жарқын басқосуда қазақтың рухы һәм тілі іспеттес домбырада шебер ойнайтын күйші әрі сазгер, көне күйлерді насихаттаушы, түрлі спорттық жарыстардың жеңімпазы, ағаштан түйін түйген ұста, бірнеше кітаптың авторы, шежіреші, көкірегі қазынаға толы ақсақалға жерлестері жылы лебіздерін арнады. Осы шараға арнайы қатысқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Биманов та мерейтой иесін осынау мерейлі жасымен құттықтап, аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтің алғысхатын табыстап, иығына шапан жапты.

Сексеннің сеңгіріне шаршамай-шалдықпай шыққан А.Қайсағалиев тыңдармандары Құрманғазының "Сарыкөл Самарын", Қаленнің "Санау" атты күйлерінің күмбірімен қуантып, дала сазын шерткен бірегей туындылардың шығу тарихын айта отырды. Ауылымыздың өнерпаздары Құрмет Қуанышқалиев пен Зухра Иманғалиева ақсақалдың әні мен сөзіне жазылған "Жағадағы ауылым" әнін тамылжыта орындап, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Автордың бұдан басқа да көптеген әндері мен күйлері жетерлік. Жылдар өрнегінде оның қаламы мен қиялынан шыққан туындылар "Өй-өрнек", "Өткенге ізет", "Өнерім – өмірім" атты кітаптарға енгізілген.

Өнерпаз қариядан тәлім алып, саз әлемінің қыр-сырын зердесіне түйген шәкірттері – бүгінде бір-бір сала маманы. Өнердің қай түрінде болмасын, алдына жан салмаған азамат ауылдың жас спортшыларын да жетелеп, жеңіске ынталандырған. Жалаң аяқ көшенің шаңын аспандатқан балалардың басын жиып, асық үйретіп, оларды қызықтыратын жаңа ойын ойлап тауып, сондай-ақ тоғызқұмалақты насихаттаған да осы ақсақал. Бұрын мектеп басқарған Уәлихан Малдыбаевпен бірлесіп атқарған жұмыстың жемісі – тоғызқұмалақ сайысында оқушылары облыста талай мәрте жеңімпаз атанды. Шәкірті Рүстем Сидешов ұстазының тәлімінің арқасында қос оқу орнына емтихансыз қабылданғанын айтып, ағадан алған өнегенің өмір жолында бағдар бергенін жылы естелік етіп айтты.

Сергек қарияның жады да мықты екен. Алпыс, жетпіс жыл бұрынғы оқиғаны айна-қатесіз, шатастырмай әңгімелеп беріп, жиналғандарды бір таңғалдырды. Иманына берік қария діни жоралғылардың бәрінде ешкімді бөліп-жармай, молдалық қызметті де атқаратын. Ақсақал деген сөзге әбден лайықты, салиқалы да салмақты, ойы терең Аманғали аға әлі күнге спортпен шұғылданатыны тамсандырады. Күні кешеге дейін атқа мініп жүргенін өз көзіммен көргенмін. Біздің кітапхананың да тұрақты оқырманы.

Бұл кеште күш-қабілеті мен болмысын ауыл руханиятын молайтуға, өнердің өркендеуіне жұмсап, халқына қалаулы, еліне елеулі атанған азамат Аманғали Қайсағалиевтің өнегелі өмір жолдары осылайша паш етіліп, оған лайықты құрмет көрсетілді.

Бибигүл Қожақова,

Ақжайық ауданы

Мерген ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале