Аудандық мәдениет үйінде 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ұлық тұтар Ұлы заң» атты салтанатты шара өтті.
Іс-шара мемлекеттік гимнмен басталды. Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов аудан халқын Конституция күнімен құттықтады.
– Сіздерді мемлекеттік мереке Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ата Заң арқылы асқар асуларды алған біз бүгінде жаңа кезеңге қадам бастық. Еліміз инновацияға негізделген индустриялық даму жолына бет алды. Ынтымағы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымыздабүкіл адамзаттың құндылықтары мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.2022 жылы өткен референдум бойынша Ата Заңның үштен бірі жазылып, 33 бапқа 56 түзету енгізілгені баршамызға мәлім,- деген аудан басшысы Ата Заңға енген өзгерістер мен ауданның дамуы жолындағы жасалып жатқан бірқатар игілікті істерді атап өтті.
ҚР Конституция күніне орай әр түрлі салада аудан дамуына үлес қосып жүрген Салауат Аманов, Айдос Есеналин, Гүлжанат Ханғожина, Мирас Мырзахметов, Мирас Нариманов, Самал Ихсанова, Аманбек Нұрышев аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Одан кейін мерекелік іс-шара «Туған жерім –тұғырым» атты аудан көркемөнерпаздарының концертімен сабақтасты.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz