10.11.2020, 14:58
Оқылды: 9

Кооперативке біріккен дұрыс

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күні жарияланған Жолдауындағы осы жол ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандар мен қожалық басшыларына  берілген тікелей тапсырма деп түсінеміз.

 ауыл

Облыс көлеміндегі мал өсіру мен егін салуды қатар жүргізетін біздің ауданда Президент тапсырмасын орындауға әлеует мол.

Теректіде биыл 146 мың га жерге егістік салынды. Күзде 49 мың тонна дәнді дақыл, 16,7 мың тонна майлы дақыл, 5,8 мың тонна картоп, 6,3 мың тонна көкөніс, 2,3 мың тонна бақша өнімдерін алдық.

«Қыстың қамын жаз ойла» деген, мал азығына 139,1 мың тонна шөп дайын тұр.

Бұл 49 мыңдай  ірі қара, 66 мың қой-ешкі, 13 мыңнан астам жылқының қысқы талғажауына жасалған дайындық.

Президент тапсырмасын орындауда біз тек өнім алумен шектелмей, ауылшаруашылығы кооперациясын ұйымдастыру жұмысын да қолға алдық.

Президенттің «Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында» деген сөздерінің жаны бар. Аудан аумағында ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы мекеме ретінде осы олқылықтардың бар екенін көзбен көріп жүрміз.

Сондықтан, қазір біз аудандағы ауылдық окрутерді аралап, шағын шаруашылықтардың  кооперативке бірігу жолын түсіндіріп жүрміз. Осы орайда біз Президенттің «Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет» деген сөздерін басты аргумент ретінде қолданамыз.

Президенттің  «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауындағы қай жолды, қай тапсырманы алсаңыз да, ел экономикасын дамытуға арналған. Экономика мықты болса, әлеуетіміз артады, табыс өседі. Сондықтан, Жолдаудың әр жолын әрқайсымыздың әлеуетімізді арттыруға бағытталған нақты бағдарлама деп қабылдап, орындалуына бар күш-қайратымызды салайық.

 

Нұрлан Бердіғалиев,

Теректі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале