19.11.2021, 12:09
Оқылды: 65

Кооперативтер жерсіз қалмайды

Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің (АӨК) жұмысы тұрғындар қолындағы малдың әлеуетін арттыруды, ауылдың берекесін молайтуды, мал шаруашылығын уақыт талабына сай өркендетуді көздейді. Аталмыш ұжымның қызметін тиімді ұйымдастыру жәйін тағы да салмақтау мақсатында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін дамыту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өткізілді.

IMG_8132

Алдымен күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Сердалин баяндады.

Аудан бойынша ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтер 2015 жылдан құрыла бастағаны белгілі. Бүгінгі таңда ауданда 43 кооператив тіркелсе, олардың алтауы мал бордақылау, төртеуі өсімдік шаруашылығы, қалғаны  мүйізді ірі қара және қойды тұқымдық түрлендіру мақсатында құрылған. Десе де, барлығының бірдеу жұмысы бірқалыпты емес, айталық, бордақылау бағытында құрылған кооперативтердің жұмысы тоқтап тұрса, өсімдік шаруашылығы бағытындағылардың тек екеуі ғана қызмет етуде.

Осыдан соң бөлім басшысы тұқымдық түрлендіру бағытында құрылған АӨК-тердің тірлік-тынысына тоқталды. Биыл 25 кооператив асыл тұқымды 60 бас бұқаны өз қаражатына сатып алып, 76 бас бұқаны жалдаған. Былтыр тұқымдық түрлендіруге 2347 бас аналықпен 15 АӨК қатысса, биыл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Аталмыш бағытта жұмыстанған АӨК саны 60 пайызға, аналық 79 пайызға көбейген. Жаңадан кооператив құрған мергендіктер мен базаршоландықтардың талпынысы қуантады. Ал Қурайлысай, Қарауылтөбе ауылдық округтері кооперативтеріне тіркелген аналықтың саны 2,5 есе көбейді. Жұмысы бірнеше жыл қатарынан тоқтап тұрған алмалылық, жаңабұлақтық  АӨК-тердің қайта қатарға қосылуынан берекелі беталысты байқаймыз.

Мемлекет тарапынан кооперативке бірігіп, табыс табуға ниеттілерге қолдау зор. Әр аналық басына берілетін субсидиядан бөлек, АӨК арқылы трактордан өзге техникаға да демеуқаржы қарастырылған. Биыл тұқымдық түрлендіруге қатысқан ірі қараның 4038 бас аналығына, 118 бас қой аналығына субсидия төлеу өтінімдері жолданды.

Жиында кооперативтерге жер беру тәртібімен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрғали Мүтиев таныстырды.

Кооперативтер коммерциялық ұйым екені белгілі. Сондықтан олар жайылымға жер иелену үшін өзгелермен тең дәрежеде конкурсқа түсу керек. Сондықтан 10 АӨК осыған дейін өтеусіз негізде пайдаланып келген 15 765 га жер учаскелерін қайтаруға тиіс. Мал бағымын реттеу үшін жер бөлу мақсатында бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Бірі – ҚР «Жайылымдар туралы» Заңының шеңберінде жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға сәйкес ауылдық округ әкімдерінің шешімімен жер бөлу. Ал бойдақ түлікті округ жерінен тыс шалғайдағы жайылымдарға шығару үшін кооператив босалқы жерді конкурс арқылы иелене алады. Әрине, бұл ретте кооперативтер құрылтайшылары мен тіркелген малдың саны есепке алынады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қ.Ш.Айтмұхамбетов кооперативтерге жер бөлуді қамтамасыз ету үшін арқаны кеңге салмай, жұмысты қазірден бастау керектігін алға артты. «Ауылдық округ әкімдеріне қараша айының соңына дейін кооперативтердің жерді қайдан алатынын анықтауды тапсырамын. Желтоқсанда сол учаскелерді аукционға шығарып, келесі жылдың наурызына дейін құжаттарын рәсімдеп бітіруіміз қажет. Ешбір кооператив жерсіз қалмайды», – деді ол.

Сонымен қатар аудан басшысы кооперативтерге қатысты тағы бір мәселеге тоқталды.

– Бұл бағыттағы жұмыстарымыз әлі де бірізділенген жоқ. Саны бар да, сапасы жоқ, аты бар да, заты жоқ кооперативтер көп. Көрсеткішті арттырамыз деп, санды судай сапырмай, басы артық ұжымдарды жапқан жөн. Мысалы, бір кооперативтің үш бағытта мал бағымын ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. Сол үшін неге үш кооператив құру қажет? Сонымен қатар кооператив жұмысы ашық, қаражаттың қайда жұмсалғаны жөнінде ақпараттың қолжетімділігі қажет. Сондықтан ұйым төрағалары құрылтайшылардың алдында жылына екі мәрте есеп беруін қарастырған жөн, – деді Қ.Айтмұхамбетов.

Жиында кооператив мүшелері тарапынан жер бөлу, жер учаскелерінің конкурсына қатысу шарттары мәселесіне қатысты сауалдар қойылды.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале