29.11.2022, 17:45
Оқылды: 45

Көпбалалы отбасы баспаналы болды   

Қазіргі таңда елді мекендердегі халықты тұрақтандыру өзекті мәселеге айналып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын екі қолға бір күрек іздеген жұртшылық бала-шағасымен бірге туған жерін тастап қала маңына үдере көшкені баршамызға белгілі. Ауылдағы балалар санының азаюы сол жердегі мектептің жабылуына септігін тигізуде. Қазіргі кезде мектептерді жаппау үшін бала санын толтыру керектігі күн тәртібінен түспей келеді. Және бұл мәселе облысымыздың барлық аудандарынан кезігеді. Осындай жәйт Тасқала ауылдық округіне қарасты Бірлік елді мекеніндегі білім ошағында да кезігіп, жақын арада айтылған түйткілді мәселенің шешілгенін көзбен көріп қайттық.      

Көп балалы отбасы фото

«Мен бұл отбасы туралы естіп қамқорлыққа мәжбүр екендіктерін білдім. Көп кешікпей Ғұмар Қоштаевқа хабарласып, қолымыздан келгенінше көмектесетінімізді жеткіздік. Ол бұл ұсынысымызға келісіп, Бірлік ауылына өзі келіп мән-жаймен танысты. Кейін аталған отбасыны ауылға көшіріп әкелу жөнінде аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлына айттым. Аудан басшысы автокөлікпен көмектесетінін және отағасына жұмыс тауып беретінін жеткізді. Автокөлікпен Казталовкаға барып Қоштаевтар отбасын ауылға көшіріп әкелдік. Алғашқы келгенде шағын үй түсті. Оны көрген аудан әкімі сегіз баласы бар үлкен отбасыға бұл үйдің таршылық ететінін алға тартып, үлкендеу үй қарастыруды тапсырды. Кейін сауапты істердің басы-қасында жүретін азамат Қамбар Рахметов қор ашып, аталған отбасыға кең үй алып беру үшін қаражат жинауды бастап кетті. Бірақ, көп кешікпей аудан орталығындағы «Тасқала-Дән» ЖШС-нің қызметкері Мирас Шакуов деген азамат әріптестерімен бірге келіп Бірлік ауылындағы Хасан ағамыздың шаңырағын сатып алып беруге келісті. Сөйтіп Қоштаевтар отбасына жарық әрі кең шаңырақ бұйырды», - дейді Бірлік негізгі мектебінің директоры Әлия Байбулатова. Мектеп басшысының айтуынша балалар мектепке орналасып қазіргі таңда білімдерін алуда. Ал отағасының екі қолына бір күрек табылып өзінің күнделікті нанын тауып жатқан көрінеді. Жылы да жайлы шаңырақ көпбалалы отбасыға шаттық әкеледі деп сенеміз. «Өзімнің туған жерім – Казталовка ауданына қарасты Бостандық ауылы. Осы жаққа қыркүйек айында келдім. Тасқала ауданына қарасты Бірлік мектебінің директоры Әлия Шәріпқызы хабарласып мән жайды түсіндірген болатын. Менде өз жағдайымды айттым. Мектеп басшысымен сөйлесе келе білім ошағына бала санының жетпей жатқандығын естідім. Менде ол өтінішін жерге қалдырмай, көшіп келуді ұйғардым. Өзім сегіз баланың әкесімін. Барлығы да мектеп жасындағы оқушылар. Тек кішісі шағын орталыққа барады. Ол да мектеп жанынан ашылған екен. Әлия Шәріпқызы барлық жайды көрсетіп таныстырды. Осы жәйтті пайдалана отырып, мектеп басшысы мен мектеп ұжымына алғысым шексіз. Балаларымның және өз атымнан елдің азаматтарына алғысымды жеткізгім келеді. Барлығыңыздың отбасыларыңызға бақыт, бастарыңызға амандық тілеймін», - дейді сегіз баланың әкесі Ғұмар Қоштаев.

Жуырда аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов аталған шаңыраққа ат басын бұрып көпбалалы отбасы мүшелерімен жүздесіп қайтты. Жақсы хабарды естіген аудан басшысы Ғұмар Қоштаевтың шаңырағына шаттық тілеп, сый-сияпат көрсетті. «Екі қоянды бір оқпен» құлатқан бұл мәселе көпшіліктің құлағына жетіп алғыстарын білдіруде. Бір жағынан Бірлік ауылындағы мектептегі бала санының жетіспеушілігі шешілсе, енді бір жағынан көпбалалы отбасыға жайлы баспана бұйырып, уайымдары сейілді. Жомарт жүректі, елім дейтін азаматтар тұрғанда ешкімде далада қалмас деген сеніммен қарайтын болдық.

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале