5.08.2020, 1:08
Оқылды: 97

Көпірдің астындағы «кафе»

Жымпитыда не көп, қоғамдық тамақтану орыны көп. Орталық жақта жүрсеңіз «Мерей», «Апельсин», «Алаша» не «Аянаға» баруға болады. Ал күре жолдың бойында тұрған «Жолаушы», «Жібек жолы», «Үш ата», «М - 32» сияқты нысандар да дәмді дастархандарымен танымал. Жымпитының шыға берісінде үлкен көпір бар ғой. Сол көпірдің астынан тағы бір «кафе» ашылыпты.

oznor

Бұл қайдағы «кафе» деп жатқан шығарсыз. Айтайық.

Сейсенбі күні аудандық газеттің журналистері төтенше жағдай бөлімінің мамандарымен және учаскелік полиция қызметкерлерімен бірге рейдке шығып, айналадағы өзендердің бойындағы шомылу орындарын араладық. Өлеңті өзенінің үстімен өтетін автокөлік көпірінің астына барып, көңілсіз көрініске куә болдық. Өзеннің аңғары шөлмек, пластик құты мен сыраның қалбырына әбден толыпты. Ыбырсып жатыр. Судың бетінде целлофон, пакеттер қалқып жүр. Жасыл шөлмектердің де мойыны қылтияды. Әуелгі жолы «Аққулары азайып Өлеңтінің, Қоқыстары көбейіп бара жатыр» - деген өлең жазып едік. Өкінішке орай, жағдай тіпті ушығып кетіпті.

dav

Иә, көпірдің асты көзден таса, тыныш. Сондықтан да болар, арақ-сырасын құшақтаған адамдар осы жерге үйір секілді. Келіп, өзеннің жағасында, көпірдің көлеңкесінде отырып «демалып», кейін тыныш кете қойса да жақсы ғой. Жоқ! Барлығы, босаған шиша-қалбырларын, пластик дорбаларын өзенге лақтырады екен. Жаға қоқыстан тұнып тұр.

Қазір – карантин. Барлық қоғамдық тамақтану орындарының қызметі уақытша тоқтап тұр. Бірақ көпірдің астындағы «кафенің» карантин – марантинмен шаруасы жоқ. Жұмысы «қызып тұр». Келушілер де «көп». Оған дәлел – жаңа босаған сыраның ыдыстары.

oznor

Шынын айту керек, біріншіден «қоқыс жәшігіне» айналған Өлеңтіні, екіншіден өзенінің қадірін білмейтін халықты қатты аядық. «Су ішкен құдығыңа түкірме!» - дейтін қазақ едік. Түкірмек түгілі, арақ-сыраның шөлмегін лақтырып, былай айтқанда, өзенге «шайтанның зәрін» құйғанымыз қалай? Өзіміз көпірдің астына келіп, шиша босатып, оны суға лақтырамыз. Балаларымыз көпірден сәл әрірек жерге келіп шомылады. Біздің тазалығымыз қайда сонда?

Көпірдің астындағы «кафенің» жұмысын кім тоқтатар екен?

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале