Жасыратыны жоқ, ауыл халқының асыға күткені - ақындар айтысы еді. Әрі Батыстың беделді ақындары ауылға келеді деген ақжолтай хабар да ерте тараған-ды.
Сонымен «Сөз қадірі - өз қадірім» деп білетін Жаңақала ауданының Көпжасар ауылының тұрғындары ақындарды құшақ жая қарсы алып, ерекше құрмет көрсетті. Алдымен ауыл әкімі Н.Серікұлы айтыс ақындарын округ әкімдігінде қабылдап, ауыл тарихымен етене таныстырды. Одан соң ақындармен Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебінде кездесу кеші өтті. Кеш барысында ақындар өздерінің өмір жолдарынан әңгіме өрбітіп, мектеп оқушылыларын қазақы қара сөздің қадірін терең ұғынуға шақырды.
Көп кешікпей, көпжасарлықтар көптен күткен айтыс та басталды. Алғашқы кезекте сахна төріне көпке танымал оралдық Айнабек Бейсенғалиев пен Теріктінің текті ұланы Эльдар Ихсанов шығып, көрерменді бірден баурап алды. Бұдан кейін шыққан марғасқа Мұрадым Мирланов пен жаны жайсаң ақын Жарқынбек Шынтаев та шынайы әзіл-қалжыңдарымен, тауып айтқан тартымды тіркестірімен ауыл халқының жүзіне әлсін-әлсін күлкі ұялатты. Ауыл тұрғындары олардың өнеріне шын ризашылық танытты. Өлең мен жырға әбден шөлдеп қалған аңқылдаған ағайын ақындардың табан асты суырып салған сәтті шумақтарына, ұтымды ойларына, уытты әзілдеріне, бастысы елге деген ниеттеріне тәнті болды. Бұл кеште «Сырым елі» газетінің редакторы, белгілі ақын-журналист Бауыржан Ширмиденұлы өзінің түрлі тақырыпта жазған төл туындыларын оқып, өз өлеңдерімен оқырмандарына ой сала білді. Артынша осы ауылдан шыққан жас ақын Алтынбек Ермекқалиев те ауылға арналған жырларын оқып, кештің көркін келтіре түсті.
Кеш соңында көпжасарлықтар осындай игі шараны ұйымдастырған мектеп директоры Әліби Салықұлына, оған қолдау көрсеткен ауыл әкімі Нұрбол Серікұлына шынайы алғыстарын жеткізіп, көңілге шуақ, жанға қуат сыйлаған ақындарға ризашылықтарын білдірді.
Алтынбек Серікқалиұлы
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер