15.10.2023, 20:43
Оқылды: 71

Көркейген ауыл – көтерілген көңіл!

Иә, бұл – халқымыз бостандығын алып, елдің қуанышы қойнына сыймай, ата-бабаның арманы орындалған кезең еді. Бұрынғы Одақ ыдырап, кеңшарлар тарап, халық өз күнін өзі көру үшін еңбектеніп жатырған кез. Әрине, бастапқы кезде үлкен қиындықтар болды, елде жұмыс орындары жабылып, халық жұмыссыз, әркім өзінше тіршілік істеп, бала-шағасын асырау қамына кіріскен. 

IMG-20231004-WA0058

Біртіндеп халық бұл өмірге де үйреніп, бір жолға түсе бастап еді. Осы тұрмыс, осы жағдай ақобалықтарды да аттап өтпеді. Еліміз егемендігін алып, қуанып, көрген қиыншылықтарға көндігіп жатқан кезде, ауыл халқының төбесінен жай түскендей: «Ақоба ауылдық елді мекенінің болашағы жоқ» деген қаңқу сөз ел ішінде желдей есті. Енді-енді өз-өзімізге келіп, қатарға кіріп жатқанымызда, әлгі сөз қуанышымызды су сепкендей басты. Қатты абыржып қалдық.

Аудан әкімі ауылға бірнеше рет келіп, жергілікті тұрғындармен жиналыс өткізіп, «күнкөріс бар жерге көшіңдер» деп ұсыныс жасады. Туған жеріңді тастап, басқа жерге көшуден артық қиянат бар ма, елді тастап көшуге тұрғындардың барлығы дерлік қарсы болды. Ауылда «жарық, аурухана, мектеп болмайды» деген алып қашпа әңгімеге сеніп, үйлері мен малдарын сатып көшкендер болды. Ал жалпы халық бұған сенбеді. Ауылды иесіз тастай алмады. Сол кездегі ауыл азаматтарының туған жерін, ата-баба қонысын қастерлейтініне, елін сүйетіндігіне бүкіл облыс, аудан басшыларының көздері жетті деп ойлаймын. Кейін Ақоба ауылына көзқарас өзгеріп, көңіл бөліне бастады. Халықтың талабына ел басшылары құлақ асып, ден қойды. Ауылдық мәдениет үйі жөнделіп, аурухана күрделі жөндеуден өтті. Саябақ, спорт алаңдары салынып, елдің еңсесі көтеріле бастады. Ауылға табиғи газ жеткізіліп, ауыз су берілді. Бұл ел үшін үлкен өзгеріс еді.

IMG-20231004-WA0062

Биыл ақобалықтар үлкен қуаныш үстінде. Ауылда 108 орындық мектеп, ұзындығы 1800 метр болатын жаяу жүргіншілер жолы, балалар саябағы, спортзал күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілді. Ауыл орталығынан ұзындығы 100, ені 70 метр болатын үлкен бассейн қазылып жатыр. Ақоба тұрғындары жол азабын көргелі көп жылдар болды, ауданға, облысқа қатынау қыс, күз, көктем айларында өте қиын еді. Ағымдағы жылы республикалық маңыздағы «Жәнібек-Казталов» күрежолынан Ақоба ауылына дейінгі 23 шақырым грейдерге асфальт төсеу басталды. Халықтың қуанышында шек жоқ. Ауыл-аймаққа көңіл бөліп, елге көмек қолдарын созған облыс, аудан басшыларына ризамыз. Әрине, бұл – олардың халықтың талап-тілегіне оң көзбен қарағандығының белгісі деп білеміз. Ақоба ауылының болашағы зор, осыған орай әлі талай игілікті істер атқарылып, елден талай таланттар шығады деген үміттеміз. Ерте тұрып, елдегі істеліп жатқан жұмыстарды көріп, әрлі-берлі жүйткіп жатырған машиналарды көргенде көңілің көтеріліп, марқайып қалады екенсің.

IMG-20231004-WA0069

Мінекей, халықтың жағдайы көтеріліп, шаруалары түзеліп, ел өсіп-өркендеп жатыр. Қаладағыдан ешбір кем емес. Ауылда бір тойхана, төрт дүкен тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бірнеше шаруа қожалығы жаңа трактор, шөп шабатын және оны буатын ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, малдарын өсіріп тіршілік жасап жатыр. Әрине, мұның бәрі туған жердің арқасы, елдегі азаматтардың еңбегі деп ойлаймын. Ауылды таратпай, сақтап қалған ел ағаларына және кейінгі іні-қарындастарыма ризамын. Адал еңбегімізді сауып күнелтсек, әлі талай жақсылықтар болады. Оған сенімім мол. Ақоба ауылындағы өркенді істерге болашақ ұрпақ әлі талай куә болады. Елім көркейіп, халқымның жүзінен қуаныш көру – мен үшін үлкен бақыт. Тек Аллам өзі жар болғай.

                         Мұрат Мұхамбетқалиев,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале