1.08.2024, 9:00
Оқылды: 11

Ақжайықтықтар «Таза Қазақстан» акциясына қалай үлес қосып жатыр?

Көктем шыққалы республикамызда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кең көлемді «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Еліміздің әр өңіріндегідей, табиғаты тамылжыған біздің де ауданда ұқыптылық пен реттілікті мақсат еткен бұл акция аясында туған өлкеміздің өңін келтіретін істер бастау алып жатыр. Осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде редакция тілшісіне аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдару мен жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Айбек Замеров сұхбат берді.

FD4129F8-D760-434A-A0AE-A5964B6223F3

– Айбек Дамирұлы, жалпықазақстандық сипат алған «Таза Қазақстан» акциясының бағыт-бағдары, мән-мағынасы туралы айтып берсеңіз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған болатын. Таза Қазақстан дегеніміз – жай ұран емес, оның астарында барша қазақстандықтардың бойында экомәдениетті қалыптастыру, тұрақты тазалыққа ұмтылыс жатыр. «Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіре берісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев акцияның бастауында айтқандай, туған мекеніміздің өркендеуі, ең алдымен тазалықтан басталады. Жиналған жер емес таза болатын, шашпаған жер таза. Осы қағиданы тұрғындарымыз жадынан бекем шығармаса дейміз. Әдетте сенбіліктерге мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ғана шығатын, сондай істерден тұрғындар да қалыс қалмай, акцияның түпкі мақсатын жіті түсініп, ауыл тазалығына өз үлестерін қосатындар қатары қалыңдаса екен деген де тілек бар.

– Аудан көлемінде аталмыш акция аясында қандай жұмыстар атқарылды, соған шолу жасап жіберсеңіз.

– «Таза Қазақстан акциясы тек сенбіліктермен шектеліп қалмайды. Оның ауқымы өте кең. Аталмыш акция шеңберінде атқарылған жұмыстарға 7 800 жерлесіміз қатысты. Газетімізді пайдаланып, ортақ мекеніміздің ажары өз қолында екенін ұғынып, өзгелерге де насихаттап, тазалық, абаттандыру жұмыстарына үлесін қосқан осы жандардың барлығына алғысымды арнағым келеді. Бұл бағытта редакция ұжымының да, яғни сіздердің еңбегіңізді атап өткім келеді. Жұртты ауызбіршілікке шақырып, әр аула, әр көшенің таза болуына үндеуде бірнеше мақала жариялап шығардыңыздар. Нақты атқарылған жұмыстарға көшер болсам, сенбілік жұмыстарында 41 техниканың күшімен ауыл-елді мекендерден 85 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды, 2 242 түп ағаш отырғызылса, оның 4 700 данасы – жеміс ағаштары. Бұл жұмыс тек биыл қолға алынған шаруа емес, былтыр да «2021-2025 жылдар аралығында облыс елді мекендерін көгалдандыру және жасыл аймағын құру жоспарына» сай, 20 138 көшет отырғызылған болатын. Тазалыққа әр тұрғынның мұқияттылығы маңызды. Бұл ретте қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мәселесі де қылаң береді. Жинайтын орындар санын көбейту мақсатында округ орталықтарында 18 қалдық төгетін жер белгіленді. Ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміне берілген бұл орындардың әзірге 11-і қоршалып тұр. Күні кеше аудан орталығына арналып, қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін 50 темір контейнер және пластикалық қалдықтар жинайтын 25 контейнер сатып алынғаны – тоғыз жолдың торабында тұрған ауылымыздың тазалығын сақтауда атқарылған игі іс. Бұған дейін аудан бойынша тұрмыстық қалдықтарды төгетін 140 темір контейнер, пластикалық қалдықтарға арналған 72 контейнер болды. Осы контейнердегі қоқыстарды бұрын осы шаруаға оңтайландырылған техника пайдаланылса, жуырда арнайы қоқыс таситын көлік сатып алып, бір-екі күнде аудан орталығының көшелеріне шығармақпыз.

– Қазақстанымыздың шын мәнінде таза болуы үшін әр тұрғынның үлесі маңызды екенін атап өттіңіз. Сенбіліктерге шығу, өз үйінің айналасын таза ұстаудан басқа тұрғындар бұл бағытта тағы қандай іс атқара алады?

– Ортақ үйіміздің ажары мен келбетінің келісті болғаны әрқайсымызға қажет. Бұл ретте әр азаматтың осы мәселеге салғырттықпен қарамағаны абзал. Айталық, сіз ауыл, көшеде шашылып жатқан бір жерді көрдіңіз делік, сол жөнінде жергілікті әкімдікке хабарлап айтқан жөн. Бұл мақсатта ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы аясында қала және экология мәселелері туралы өтінім берудің жаңа сервисін әзірледі. Енді кез келген азамат телеграмдағы @TazaQazBot чат-боты арқылы осындай жерлердің фотосуретін жіберіп, өтінім бере алады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Әсел Сағын

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале