Зират басындағы жазу
«Өлiнiң қамын тiрi жер,
Тiрiлер бiрiн-бiрi жер…
Тiрлiкте қашқан қадiрiң,
Өлгенде ғана бiлiнер…
Бiр күнi бiз де барармыз,
Сен аман болғай, сірі жер!» Нұрлан Мәукенұлы
Жақында ата-бабаларымыздың рухына Құран аяттарын бағыштайын деген ниетте Жаңақала ауданы Жаңақала ауылы маңындағы (аэропорт жақтағы) зиратқа барып қайттым. Сол кезде сүреңсіз көріністің куәсі болдым. Негізі, бұл зират біраз жыл бұрын толыққанды қоршалған екен. Әрине, бұл сауапты іс, өліге құрмет. Десек те, зират қоршауының бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Торлары тозған, қазықтары құлаған, қорым қоршауының қазіргі сиқы мәз емес. Бергі бетінен бастап мұқият қарасаңыз, көзіңіз анық жетеді. Қақпасы да қисалаңдап әрең тұр. Ал дала жақ беткейінде қоршау деген тек аты ғана бар. Бір емес, үш-төрт жерден қоршау ашық-шашық жатыр. Сайып келгенде сиыр табынымен, жылқы үйірімен, қой отарымен кіріп, зиратқа зиян келтіре алады. Сөзім дәлелді болуы үшін айтайын, зират басынан 10 шақты сиырдың жайылып жүргенін көрдім. Оларды фотоға да түсіріп үлгердім. Сол сәтте зеңбі баба тұқымы қорымды қысылмай аралап жүрді. Бізді байқаса да «пысқырмай», үйреншікті әдетімен жайылып, дәрет сындырып тұра берді. Айқайымызды елемеген сиырларды ақыр соңында айдап шығардық. Барған кісі баба рухына құрметпен қарап сиырларды сырт жаққа шығарғанмен де, оларға бағыт жоқ қой. Малдың атасы – мал. Сосын ащы да болса шындық, қоршаудың қазықтарын дұрыс бекітпеген. Көз алдап қақты ма, әлде цемент жетпеді ме, ол жағы бізге беймәлім.
Біз осы мәселені қаузау барысында Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметовке аяқтай барып жолығып, мәйіттің мән-жайын айтқан едік.
- Мен бұл жағдайдан хабардармын. Өткенде қақпасы құлап қалды. Оны істедік. Ақылы қызметтен бір адамға зират басының тазалығын қадағалап тұруды тапсырдым. Жалпы, зират қоршауын жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Бәріміздің де аталарымыз бен аналарымыз, бауырларымыз сол жерде жатыр. Сондықтан да қаржы бөлінбейді деп, қол қусырып қарап отырмаймыз. Бас имам Е.Сұлтановпен келісіп, кәсіпкерлерді жұмылдырып, бұл мәселені шешу үшін жұмыстанамын, – деді ауыл әкімі. Иә, бұл мәселе құрғақ сөз жүзінде қалмай, биыл шешімін тапса деген ниет қой біздікі. Іле-шала аудандық мешіттің бас имамы Ерік Қонақбайұлына да хабарласқан едік.
- Баршамыз исі мұсылман һәм қазақпыз. Жан бар жерде қаза бар. Ешкім мәңгі емес. Зират қоршауының жағдайын білесіздер. Ол үшін Үкімет тарапынан нақты көмек жоқ. Соған байланысты аудан тұрғындарын зират қоршауын жөндеу жұмысына атсалысуға шақырамын. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары қаржылай қолдау білдіріп, өз үлестерін қосса, аудан тұрғындары да бірігіп, ұйымдасып, кеңесіп іс қылса алынбас қамал жоқ. Тек ауызбірлік керек. Бұны халық болып қолға алсақ, 1-2 күнде бітетін іс қой. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Иншалла, зират қоршауын сапалы жөндеу үшін жұмыла жүк көтерейік. Сауапты істен шет қалмайық, – деді бас имам барша жамағатқа үндеу тастап.
Өліге құрмет – тіріге міндет
– Әуел бастан мұсылман халқы мәйітке құрметпен қараған. Бабаларымыз кімде-кім өмірден өтсе де сүйегін басқа мемлекеттердей өртеп жібермеген. Сүйекті жуындырып, кебіндеп, жер қойнына табыстаған. Көптеген аталарымыздың құлпытастарында «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боласыз!» деп өсиет қалдырған. Бұл өте терең мағыналы сөз. Адамға көп ой салары анық. Сондықтан біз қазір ата-бабаларымыздың жатқан қорымына құрметпен қарамасақ, бізден кейінгі келешек ұрпақ өмірден өткен адамға құрметпен қарауды ұмытуы мүмкін. Ол жерде біреудің атасы, біреудің әжесі, ал біреудің ата-анасы жатыр. Зират қоршауының құлап жатқанын халықтың көпшілігі біле бермейді. Адамды жерлегенде, зиратын тұрғызғанда немесе былайша барғандар зират қоршауына немқұрайлы қарайды. Бұл дұрыс емес. Біз бұл іске шынайы мән беруіміз қажет. Сиырлардың мәйіттерді аралап, тезек тастап, бүлдіріп жүргенін талай көрдім. Сол дұрыс па? Онда жатқан аруақтар арызын айта алмайтын жағдайда ғой. Ертең өзің өлгенде де осы сорақылық қайталанса, жақсы ма? Сондай-ақ екі ұсынысым бар. Біріншіден, әркім өзінің жақын-жуығының зиратын тұрғызғанда артық қалған материалдарды шашып кетпей, белгілі бір жерге жинап қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі жоқ-жітік адамдар оны қажетіне пайдаланса, сауап істі болмақ. Екіншіден, адам қайтыс болған кезде жер беру мәселесіне де байыппен қарау керек деп есептеймін. Зиратқа адамдарды алаламай жерлеу керек. Басшы болғандарды алдыңғы қатарға, қарапайым халықты артқа қою дұрыс емес. Кімнің-кім екенін тек Алла ғана біледі, – дейді Жаңақала ауылының тұрғыны Аслан Саурбаев.
Иә, өмір қамшының сабындай қысқа. Және өмір мен өлім егіз. Жаныңды берген Алла тағала оны қайтарып алатыны да ақиқат. Бүгін бар адам ертең жоқ. Хәкім Абайдың өзі «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ» демеп пе еді?! Иә, бүгінгі күн қызылды-жасылды жалғанға арбалып, қаннен-қаперсіз отырсаңыз да, ертеңгі күні ойламаған жерден ажалдың құрығы іліп әкетпесіне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан да барар жеріміз біреу. Болашақ тар қабірдің тұрғынымыз. Сол себепті зират қоршауын жөндеуге білек сыбана кіріскеніміз жөн болар. Әйтпесе, мазар маңын мал жайлап, қоқысқа толтырса, өлі аруақтар разы болар ма екен?! Сіз не дейсіз, оқырман?
Алтынбек Серікқалиұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер