Теректі ауданына қарасты 5 ауылға биыл таза ауыз су келеді дегенді естіген жергілікті халық қатты қуанып қалған еді. Міне, игілікті жұмыстың нәтижелері де көріне бастады.
Тұңғыш Президент күніне орай Новопавлов және Ақсуат ауылдарындағы су құбырлары пайдалануға беріліп, тұрғындардың көңілі жай тапты. Қос ауылда өткен салтанатты шараға облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаев, аудан әкімінің міндетін атқарушы Виталий Кушнер, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев және жергілікті халық қатысты.
Новопавлов ауылының тұрғындары осы күнге дейін ауыз суды жеке құдықтардан тасып, тұтынып келген болатын. Ауылға су құбырын өткізу жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, қарашада аяқталып отыр. Мердігер ретінде «KazConstructionGroup» ЖШС-гі танылып, жұмыстарға 201 млн 248 мың теңге қаражат бөлінген. Ауылда 700-ден астам халық бар десек, 189 аулаға таза ауыз су өтіп тұр. Су құбырын аудан әкімінің міндетін атқарушы В.Кушнер және ауыл ақсақалы, қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі С.Мәдиев іске қосты.
-Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтуға облыстық бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жыл аяғына дейін облыс бойынша 30 нысан пайдалануға берілмек. Бүгін Новопавлов ауылындағы қуанышқа ортақтасудамыз. Мердігер өз жұмысын уақытынан бұрын және сапалы атқарды,-деді өз сөзінде БҚО сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Арман Серікұлы.
Ақсуаттықтар да «Ақбұлақ» бағдарламасына дән-риза. Ауылда 1500-ден астам халық тұрады. Ауыз судың жетіспеушілігін енді сезінбейтін тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Су құбырын өткізуге 144 млн 480 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, жұмыстарды «Аяла» ЖШС-гі атқарды. Ағымдағы жылдың мамыр айында басталған жұмыстар белгіленген уақытынан бұрын аяқталып отыр.
-Бүгін ауыл халқы өте қуанышты күн. Суға зәру боп келген кездер, құдықтан азаппен тасыған сәттер енді ұмыт болады. Ауылымызда көгілдір отын бар, су келді, жолымыз жөнделіп жатыр. Халық үшін осылардан артық не керек?! Әр аулаға су кіріп тұр. Өте көп жұмыстар жасалды. Бәрін көзбен көріп, байқап отырамыз. Жергілікті тұрғындар атынан облыс әкіміне, аудан басшылығына көп-көп рахмет айтқымыз келеді,-дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған ақсуаттық Айтжамал Құбаева.
Әділет ОРЫНБАСАРОВ
Теректі ауданы