Теректі ауданы тұрғындары ең жиі шағым айтатын мәселелердің бірі электр желісінің қызметі. Кейбір ауылдарда кеңес одағы кезінде тартылған желілер тозығы жетіп, әупірімнің күшімен, жергілікті электриктердің шеберлігімен ғана қуат жеткізіп тұрғаны жасырын емес.
Көрші қонған ауылдар - Шалқар ауылдық округіндегі Шалқар және Аңқаты округіне
қарасты Рыбцех елді мекендері тұрғындары да желді-боранды күндері «жарық сөніп қалады ма» деп алаңдаулы отыратын. Оның үстіне, үй жылытуға қажетті су айдау қондырғысы да электрмен жасайды. Биыл қара күзде желі үзіліп, 2-3 күн электр
қуатынсыз қалғандары да бар. Сол кезде ерекше есепке алынған қос ауылға қарай электр желісін жаңғырту жүргізіліп жатыр. Бұл жақсы іс жөнінде Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусин:
- Қазір Шалқар ауылына электр қуатын жеткізу желісі бойында, 6 шақырым жерде 85 темір-бетонды баған ауыстырылуда. Облыс орталығынан арнайы келген электр жеткізуші компанияның бригадасы мен Шалқар учаскесіндегі бір шебер мен бес
электрик ауа райының қара суық болғанына қарамастан жұмыс жасап жатыр, - деді.
Шалқар ауылында 30 үйде 140 адам, Рыбцехте 20 үйде 60 адам тұратынын есепке алсақ, енді қос ауыл, 200 адам сапалы электр қуатын тұтынуға қол жеткізеді.
Ауданда тозығы жеткен электр желісін жаңарту, ескі бағандарды ауыстыру, оқшауланған сым тарту жұмыстары жаңа жылда да жалғасады.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz