Біздің мектебімізге Алматы шаһарынан қуанышты хабар жетті. Сыныбымыздың екі оқушысы «Атадан Мұра» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Ана туралы жыр» халықаралық байқауында жүлделі орындарға ие болды.
Бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында өткен сайысқа мектебіміздің домбыра сыныбында оқитын Санжар Насиполла қатысып, ІІ орынды қанжығасына байлады (жетекшісі – Бекжан Мырзаев). Ал Ақсүйрік Тұрғали ІІІ орынға лайықты деп танылған.
Осы уақытқа дейін түрлі облыстық байқауларда топ жарған Санжардың ұстазы Бекжан Бейбітұлын өзім оқытқан едім. Қазір шәкіртімнің өзі шәкірт тәрбиелеп, жетістіктерімен қуантуда.
Екінші жүлдегеріміз Ақсүйрік те осал емес. Оқу озаты, жан-жақты, алғыр қыз. Биылғы оқу жылында ашылған вокал үйірмесінің белсенді мүшесі (жетекшісі - Перизат Қожахметова). Оқушыларымыздың биік белестерді бағындыруына себепші болып жүрген Перизат Аманжолқызына өзімнің және ата-аналардың атынан алғысымызды білдіре отырып, еңбегінің жемісін көруін тілейміз.
Әлия Сапарова,
Госплемстанция ЖОББМ
4-сынып жетекшісі
Теректі ауданы