8.09.2021, 9:58
Оқылды: 157

Қош келдің, «Әліппе!»

Күллі кітаптың атасы атанып кеткен «Әліппе» сіз бен біздің ең алғаш қолға ұстаған сүйікті оқулығымыз болғаны рас. Кейін бұл керемет кітабымыздың оқу бағдарламасынан шығып қалғандығы шымбайға батты. Білім атаулының бастауы болған әліппені сағынғанымыз шындық. Сол себепті жалпақ жұртшылық аталмыш кітапты бағдарламаға кері енгізуді сұрап, қоғамда біраз дау тудырған болатын. Сайып келгенде, оқулығымыз қайта оралды.

 FB_IMG_1631076272109

Білім әлемінің даналығына жетелейтін «Әліппені» салтанатты түрде тапсыру балалардың бойына ұлттық рухани құндылыққа деген сүйіспеншілікті қалыптастырары сөзсіз. Осы орайда Теректі ауданы бойынша жалпы 673 оқушы қолдарына ең алғашқы кітабы «Әліппені» ұстап, мәз-мейрам болды.

Ендеше, көпшілікпен қайта қауышқан «Әліппе» хақындағы пікірлерге көз жүгіртелік.

Күләш Нұртазиева, 

бастауыш сынып мұғалімі:

 - Елімізге белгілі әрі мектеп оқулықтарын басып шығарудың заманауи технологиясын жетік қолданатын «Атамұра» баспасынан жақында жарық көрген «Әліппе» көпшілік үміттің ақталуындай қуанышқа бөлегені рас. Себебі ол – қазақ әліппесінің тарихы. Жаңартылған білім мазмұны енгенге дейін мектептің табалдырығын аттаған кез келген оқушының алғашқы танығаны «Әліппе» болды. Сондықтан да «Әліппенің» әр адамға ыстық көрінетіні жасырын емес. Аталмыш оқулықтың оқу бағдарламасына қайтадан енгізілетінін естігінде қатты қуандық. ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған «Әліппенің» балаларға берері мол. «Әліппе» оқу бағдарламасы А.Байтұрсынұлы әдістемесін негізге ала отырып, қазіргі заманғы педагогика талаптарын ескере отырып жасалған. Оны оқытудың үш кезеңі бар, яғни «Әліппеге» дейінгі кезең, «Әліппе» кезеңі,«Әліппеден»  кейінгі кезең.Екі кезеңде балалар «Әліппе»  оқыса, желтоқсан айында өтетін «Әліппемен қоштасудан» кейін үшінші кезеңде «Ана тілін» оқиды. Жалпы, «Әліппе» –   әріп үйретіп, сөз, сөйлем құрауға баулитын оқулық қана емес, ұлттық тәлім-тәрбиеге, ғылым-білімге, алуан түрлі мамандыққа шақыратын  мәні зор  кітап.

Кәмшат Ниязова,

ата-ана:

- Қызымыз Еркеназ Темір Әйтиев мектебінің бірінші сынып табалдырығын аттады. Білім күнінде қолдарына «Әліппені»  ұстағандарына қуанып жүр. Балалармен қатар, өзіміз де қуанып, үйге келгеннен соң кітап бетін парақтап,  танысып шықтық. Балалардың сауатын ашып,  білімін кеңейтетін оқулықтың орны орасан. Сабаққа деген ынтасы артады. Айта кетейік, осы уақыт аралығында оқушылар «Әліппені» оқымаса да, мектепте «Әліппемен қоштасу» болып жүрді. Демек, оқу бағдарламасында бұл кітап жоқ болса да,  «Әліппенің» статусы жоғары екенін байқауға болады. «Әліппеден» соңғы жылдары қол үзіп қалдық. Кітаптың  қадірін түсінгендей болдық. Сауат ашу оқулығы «Әліппенің» орнын баса алмайды екен.

Мейірім Ескендір,

1-сыныптың оқушысы:

- Биыл Жайық мектебінің 1-сыныбына бардым. Білім күнінде біздерге әдемі «Әліппе» кітабын бергенде, мен қатты қуандым. Сырты да, іші де жақсы екен. Ішінде суреттер де бар. Әріптер көп-ақ. Мұғалім апай бізге бәрін үйретеді. Сабақты жақсы оқып, кітабымды таза ұстаймын. «Осы әліппені жақсы оқыған бала, болашақта білімді болады», - дейді анам. Мен өскенде полиция болғым келеді, сондықтан «Әліппедегі» әріпті танып, үйреніп аламын.

 

Самал Жамет,

Теректіауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале