Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Сырым ауданында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бұландықтар да мерекені биыл лайықты түрде атап өтуге айрықша көңіл бөліп, Наурыз мейрамы “Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері” атты келіндер сайысы, “Ата баба дәстүрі - ұрпаққа аманат” бата беру сайысымен басталып, бүгін ұлыстың ұлы күніне “Қош келдің, қазағымның жаңа жылы” мерекелік шарамен жалғасын тапты.
Салтанатты жиында ауыл әкімі Мұрат Меңдібайұлы сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке - наурыз мерекесімен құттықтады.
Мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, наурыз туралы өлеңдерін, мың бұралған бишілер тобы әсем билерін ұсынды. Ауылдың келіндері келген қонақтарға «Ақ мол болсын» деген ниетпен тостақтарға құйылған наурыз көже ұсынды.
Қазақтың арқан тартыс, асық ату ойындары ойнатылып, балалар және жастар арасында қазақша күрестен, қой көтеруден жарыс өткізіліп, жеңімпаздар марапатталып, ақшалай сыйлық табысталды.
Айман Өтеғалиева,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz