Таяуда Теректі ауданында БҚО Азаматтық орталығының және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен кездесу өтті. Оған ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мамандары қатысты.
Ауыл әкімдерімен қоғамның негізгі проблемаларын талқылау, жастарды рухани белсендірудің жолдарын қарастыру, сонымен қатар Президент жолдауына сәйкес түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеттілігін арттыру — жүздесудің басты мақсаты болды. Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Армат Байғазиев шараның маңыздылығына тоқталып, меймандарды таныстырды.
Кездесу барысында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айгүл Туркина, БҚО АДЖ мүшесі Хадиша Мұқанова,«Жайық таңы» ҚБ төрайымы Гүлбаршын Мұштановалар тақырып аясында әңгіме өрбітті. Сондай-ақ жеке тұлғаның көшбасшылық қабілеттерін дамыту хақында ойларын ортаға салды.
«Сұрақ-жауап» бөлімінде қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сан сауалға жауап алды.
Елырыс Елмұрат,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz