5.04.2023, 12:45
Оқылды: 43

Көше тазалығына бас ауыртпайтындар көп

Көктем шығып, қар кеткенен кейін ауылдар мен елді мекендердің тазалығына мән беріліп, сенбіліктер ұйымдастырылады. Себебі белгілі, қыс бойы көшеге тасталып,қар астында қалған  күл-қоқыстарды жинап, ауыл ажарын келтіру. Әйтсе де ауыл-елінің тазалығына салғырт қарайтындар аз емес. Басқасын былай қойғанда, өз үйінің алдындағы артық заттармен көше сәнін бұзып, жылдар бойы жатқан топырақ үйінділерін көзден таса қылуға зауқы жоқтар бар және көп кездеседі.

IMG_1083

Чапаевта осы олқылықтың орнын толтырып, үй маңын таза ұстауды түсіндіру мақсатында арнайы рейд көшелерді аралады. Құрамында ауылдық округ әкімінің орынбасары Сәкен Сарбөпеев, аудандық мәслихат депутаты Құрман Бисеғалиев және аумақтық учаскелік полиция қызметкері Сайлау Бисалиев бар топпен бірге Қазақстан, Республика, Есенжанов көшелерінің тұрғындарымен жүздесіп қайттық. Әп дегенде Қазақстан көшесінің бастауында тұрған үйлердің алдындағы үйілген топырақ пен шашылған тастар көзге шалынды. Бір емес, үш ауланың алды осындай. Үй иелерін шақырып алып, оларға ауылдың ажарын бұзатын осындай әрекеті үшін заңға тартылатыны, бір аптаның ішінде аула маңын реттемесе, көлемді айыппұл салуға тура келетіні айтылды. Мұның бәрі байыппен түсіндірілгенімен, қарсы келіп, тек өзінікін жөн дегендер де жолықты. Өкінішті, әрине, ортақ үй – ауылымыздың сиқын кетіретін де – осындай тұрғындар.

Аты аталған үш көшенің бойын үш сағат аралаған топпен бірге болғанда ұғынғанымыз –  көше тазалығына көпшілік азаматтар бас ауыртпайды екен. Ауласының іші мұнтаздай таза болғанымен, есігінің алды айлап-жылдап ат көпір боп жатқандарына түк те қынжылмайды. Сылтаулары – «ауламызда орын жоқ, жақында үй немесе сарай тұрғызатын едік, алып кетеміз». Ал осы көшелерді аптасына бір аралайтын топ мүшелерінің айтуынша, топырақ үйіндісі мен тас бөлшектерінің жатқанына бес-алты жыл болып қалғандары да бар.

Көптеген үйдің есігін қаққан топтың назарына сынып, пайдаға жарамсыз боп қалған үлкен жүк көліктері мен тракторлар да ілінді. Олар да жолдың жанына, есіктердің алдына ыңғайсыз қойыла салған. Шама жетсе, техниканы көзден тасаласа, көшенің ажарын бұзбайтыны айтылды. Кейбір шаруаға құлқы жоқ ауылдастарымыз терезе алды қоршауларын да жөндемегенін көрдік. Сымдары ыдырап, жерде шашылған, бағаналары құлаған, оны өткен-кеткен аяғына іліп, әрлі-берлі сүйреп тастаған. Әркімнің түсінігі әртүрлі екені тағы бар. Айтқанды көңілдеріне тоқып, өз қателерін мойындаған кейбір тұрғындар бірден айналасын реттеуге кіріссе, бет бақтырмай, бір ауыз сөз айтуға келтірмей, есікті тарс жауып алған ағайын да кездесті. Көбінің тепсе-темір үзетін азаматтар екенін айтудың өзі де ұят. Дау шығарған кейбір әйел азаматшаларға  тазалықты әр адам өзінен басталатыны толығымен түсіндіріліп айтылды, заңның аясында атқарылып жатқан жұмыстар екені қаперлеріне салынды.

Осындай рейдтер жаз бойы жалғасады. Топ мүшелері алғашында үйдің маңын реттеуге берілген уақыт бөліп, ескерту берсе, бұл ескертуді құлағына да қыстырмаған ағайынға айыппұл салынады.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале