15.06.2023, 16:45
Оқылды: 24

«Көше тойы» көпшілікпен көрікті

Казталов ауылында «Жеңіс» саябағының алдыңғы бағытында С.Садықов, Ю.Гагарин, Ә. Молдағұлова атындағы көшелердің «Ауылым — алтын тұғырым» атты көше тойы өтті.

Казталов көше (1)

Осы айтулы күні С.Садықов көшесінің тұрғыны болған, велоспорттан екі дүркін КСРО чемпионы, белгілі спорт шебері Валерий Қажғалиұлы Бектұрғановқа арналған ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында жиылған көпшілік спортшыны бір минут үнсіздікпен еске алып, Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов жерлес спортшының өнегелі өмірі туралы жас ұрпаққа кеңінен насихаттау керектігін тілге тиек етті. Ауыл әкімі көше тойының мәні мен маңызына тоқталып, барша көше тұрғындарын көше тойын жоғары деңгейде атап өтуге және белсене ат салысуға шақырды. Шара барысында Ибатов Нұржан ата жиылған көпшілікке бата беріп, ақ тілегін жаудырды.

Казталов көше (3)

2023 жылғы қаңтар айындағы статистикаа сүйінетін болсақ, барлығы 76 пәтерде 314 адам тұратын аталған үш көшедегі тұрғындардың өзара татулығы мен ынтымағы көпке үлгі.

Көше тойында өнерпаздар «Жеңіс» саябағының алдыңғы бағытында құрылған сахнада өз өнерлерін көрсетіп, сол маңда құрылған киіз үй ішінде ауыл үлкендеріне арналып мерекелік дастархан жайылды.

Казталов көше (6)

Әдемі әндер шырқалып, биші қыздар мың бұрала билеп көше тойының шырайын кіргізді. Білім саласының еңбек ардагері Гүлжиян Табылдықызы сөз алып, әр көшенің атауы мен жалпы мағұлматтары жөнінде айтып өтті.

Казталов көше (2)

Көше тойында балалар арасында 1000 метрге жүгіруден жарыс, веложарыс және ересектер арасындағы қол күресі мен арқан тартыс ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Казталов көше (4)

Спорт түрлерінен сынға түскен балалар мен көше тұрғындары арнайы марапатталып, шағын сыйлықтар табыс етілді. Велосипед жарысы бойынша бәсекеге белсене қатысқан 20 балаға Роллан Бектұрғанов демеушілік жасап, әрқайсысына ақша ұстатты.

«Көшенің ең үлкен тұрғыны», «Көшенің ең кіші тұрғыны», «Ең жас отбасы» аталымдары бойынша тұрғындар мараппатталды. Сонымен қатар көше тойының өтуіне атсалысқан белсенді азаматтар, қолдау көрсеткен кәсіпкерлер есімдері аталып, үлкен алғыс айтылды.

Ауыл үлкендері қазақы үйге бас сұғып, дастархан басында емен-жарқын әңгіме айтысты.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале