Қазақ жері кең-байтақ болғандықтан, жер-су аттары әр өлкеде қайталанып отырады. Мысалы, Ақсуат, Шиліөзен, Жосалы, Бұлдырты, Қызылжар, Жыланды, Ақши, Ақтау деп аталынып кеткен жер бедері жиі ұшырасады. Қособа деген атау да жалғыз емес. Жақында мектеп оқушылары «Қыз Жібек» дастаны жөнінде шығарма жазыпты. Төлегенді Сырым ауданының жеріндегі Қособада қаза болған деп атап өткен.
Өкінішке қарай, олай емес. Дастанның бас кейіпкерінің бірі – Қыз Жібек Жайық бойында өмір сүргенімен, Төлеген қаза табатын Қособа басқа жерде. Арал теңізі жанынан басталатын Үлкен Борсық, Кіші Борсық құмдары жүздеген шақырымға созылып жатыр. Оның шегі Қызылорда жерінен Ақтөбе өңірінің Шалқар қаласына дейін барады. Міне, осы Кіші Борсық құмының төңірегіндегі Қособа деген көлдің жағасында Төлегеннің аты болдырып, қарақшылар қолынан қаза тапқан. Егер Батыс Қазақстан облысының аумағына жетіп үлгергенде, Көкжорға ат болдырмас еді. Себебі көкорай өлкеде бес-он шақырым сайын бұлақ, өзен-көл кездеседі. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап жүрген шежіреші қарттар солай деп дәлелдейді. Жас ұрпақ осы ақиқатты біліп жүруі тиіс деп санаймын.
Аманша Қосжанов,
Теректі ауданы