Сырым ауданының Сарой ауылдық округіне қарасты Көздіғара ауылында округ әкімі Айбол Жакиевтің есептік кездесуі өтіп, аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және бірқатар сала басшысы қатысты.
Былтырғы есептік кездесуде округ тұрғындары Шағырлой ауылына берілетін ауыз суды тұщыту, ауылға жаяу жүргіншілер жолын төсеу, Жаңақоныс – Көздіғара ауылының жолын көтеру, Көздіғара негізгі мектебіндегі сынып бөлмелерінің терезелерін ауыстыру, шағын спорт алаңын салу мәселелерін көтерген-ді. Содан тек ауыларалық «нөлдік» жолды көтеру жұмыстары атқарылған, бірақ, техникалардың жиі істен шығуына байланысты іс аяғына жетпеген. Қалған мәселелер қаржы тапшылығына байланысты кейінге шегеріліпті.
Өзге округтер секілді, 2019 жылы Сарой ауылдық округінде де барлық сала бойынша даму қарқыны байқалған. Мал басы өскен. Атап айтсақ, жылқы 249, ұсақ мал 383 басқа көбейіпті. Округ шаруалары былтыр 104950 центнер шөп дайындаған.
Ауылдық округ әкімі Айбол Жакиевтің баяндамасына сүйенсек, округте мал дәрігерлік шаралардың бәрі жоспарға сай атқарылған. Сарып ауруына оң нәтиже берген 32 сиыр мен 56 ұсақ мал ет комбинаттарына тапсырылыпты. Ауру ошақтары шыққан 18 аула мен 1 772 шаршы метр мал қорасы өз иелерінің есебінен дезинфекцияланған. Десек те, Көздіғара ауылының тұрғыны Айтқали Жұмағалиев бұл мәліметке қарсы шықты. Себебі былтыр ол кісінің де 1 сиыры сарыпқа шығып, комбинатқа жөнелтілген. Ал қора-қопсыны тазалау, дезинфекция жүргізілмеген. Көздіғара ауылы дезинфекция жүргізілмегендігін «Көздіғара» өндірістік кооперативінің төрағасы Әзілхан Жұмағалиев те растады. Аталмыш кооперативтің өзінен 7 бас сарыпқа шығып, ауру малдардың орындарына санитарлық шаралар жүргізілмеген.
Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев көздіғаралық шаруалардың көтерген мәселесі бойынша тексеріс ұйымдастыру туралы тапсырма берді. Ал енді мұндағы мектепті сақтап қалу – Көздіғарадағы негізгі мәселе болып отыр. Жиналыста сөз алған көп балалы ана Жолдығыз Тынышева ауыл мектебін ұстап қалу үшін патронаттық тәрбиеге балалар үйінен бала алу туралы өз ойымен бөлісті. Мектеп мұғалімі Данагүл Рахымова бұл ұсынысты қолдайтындығын және оған өзі де дайын екендігін айтты. Көздіғаралықтар мектептің ғана емес, ауылдың тағдырын осылай ойлауда.
Жиналыста ұстаздар қауымы аудан әкімінен мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қолдау-көмек сұраса, тұрғындар ауылішілік электр желілерін жөндеу, жарықшамдар орнату, бұралқы иттерді құрту сияқты ұсыныстарын жеткізді.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер