13.07.2022, 11:00
Оқылды: 72

Қуғын көрген Қалдыбайлар

Ұлан-ғайыр байтақ жерді қазаққа ешкім тегіннен-тегін бере салған жоқ. Жер үшін, ел үшін не көрмеді біздің бабаларымыз? Осы далада қазақтың Атамекен атырабын ақырған аюдан, ысқырған аждаһадан қорғап, қалың еліне оқ дарытпаймын деп жалаңаш кеудесін жауға тосып Сырым Датұлы да өтпеді ме?

ДАТТАР (1)

Сырымның әкесі Дат балуаннан тараған он бір баланың (кей деректерде 12 – 13 бала деп келеді) барлығы аталары Байбақты Шолан батырдың, одан әрі Байбақты руларының қоныстарына арқа тірей келіп, тарихтың алтын парағындай болған Қарой мен Саройдың арасын мекен қылған. Орыстың озбырлығы жүрмей тұрған, жерін билікке ауыстырған хан-төрелердің сатқындығы болмай тұрған тыныш заманда, пәк даламыз алаңсыз жатқан уақта Дат ауылында 500 түтін болыпты. Жарты мың шаңырақ жайлаған, айрандай ұйыған ауылға кейін өшікпеген, берекесін бұзуға ұмтылмаған жан қалды ма? Кеңестік билік ауылдың тоз-тозын шығарып, халықты құтты іргесінен қозғап, бай-молдаларын жер аударып, атып, мешітін бұзып, Қарой мен Саройдың даласын қан сасытқан. «Қызыл үкіметтің» тырнағына іліккендердің қатарында Молдақұдық, Бөлекқұмақтан қазіргі Жетікөл ауылына қоса, Бұлдырты өзеніне дейін жайлап жатқан Даттың Қалдыбай деген баласынан тараған ұрпақтары да бар еді.

Өзі батыр, өзі балуан Қалдыбайдың 4 баласы болыпты. Соның бірі – Өтебайдан Сыпыра, Сәт, Үмбет деген үш ұл тарап, өрбіген екен. Сыпыра мен Сәт заманында асқан бай болыпты. Біреуінің аты, екіншісінің артында заты қалды. Олардың ұрпақтары нәубет жылдардың зобалаңына ұшырап, 1933 жылы ата-баба қонысын тастап, елден ауып кетуге мәжбүр болды. Ағайындардың алды 1920 жылы қуғынға ұшыраса, қалғандары 1932-нің ашаршылығын көріп, соңы 1937-де ұсталып, сотталып, айдалған. Атылған.

Аман қалған ұрпақты да қанды қасап, Екінші дүниежүзілік соғыс күтіп тұрды. Қуғын көрген Қалдыбайлардан қалған балаларды майдан жалмады. Даттың ұрпақтары осылайша жат елде мәңгілік мекен тауып, сұрқия саясат бүтін бір рудың түбіне жетуге қалған.

Алайда, «Орнында бар оңалар» деген бар. Қалдыбайлардан қалған із бар екен. 1933 жылы туған жерінен құстай көтерілген 6 жасар бала Хамидолла бүгінде атаға айналып, 90-ға қараған шағында атажұртқа келді. «Ер туған жеріне» деген осы. Даттың ұрпағы күндердің күнінде Башқұртстаннан келеді деп ешкім ойламаса керек. Ерін, жерін аңсап келген Қалдыбайдың қариясы Сәт балуанның зираты мен қасындағы қауымына Құран бағыштады. Оған жұртын сездіріп, бірге жүретін ағайынның аз болғаны өкінішті тек.

Елден бір аяқ сусын ішіп үлгермей, айдауға аттанған Даттар елге оралды деген хабар атажұрттағы ағайындардың құлағына шалынды. 2022 жылдың 4 мамыры күні Хамидолла ақсақалдың ұлы Айболат, немересі Эльдар екеуі Жетікөлге қайта келді. Танысып, білісіп, кіндік мекендерінен қонақасы жеп қайтты. Топыраққа аунап, жусанын иіскеп, мауықтарын басқан сәттерін көріп, біздің де жүрек шымырлады. Қайран, туған жер? Көрмеген адамды да сағындырады екенсің ғой.

Сталиндік қанды қасапқа «тартылып», қуғын көрген Дат ұрпақтары – тарихтың бір бөлшегі емес пе?

Айдархан Рамазанов,

Қосарал ауылы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале