Бүгін Күйгенкөл ауылында ел руханияты үшін айрықша маңызға ие қуанышты сәттің куәсі болдық. Ауыл тұрғындары жаңа модельді ауылдық кітапхананың заманауи ғимаратының ашылу салтанатына жиналып, мәдениет пен білімнің жаңа ордасының есігін айқара ашты.

Салтанатты шарада ең әуелі кітаптың қадірі мен кітапхананың қоғамдағы орны кеңінен айтылып, рухани құндылықтардың ұлт болашағындағы маңызы ерекше атап өтілді.

Кітап өткеннің үні, бүгіннің тірегі, болашақтың темірқазығы. Ал кітапхана адамзатқа үнсіз тәрбие беретін ұлағатты ұстаз, ақыл мен парасаттың сарқылмас қазынасы. Сондықтан да бүгін ашылған жаңа ғимарат ауыл жұртшылығы үшін тек мәдени нысан ғана емес, ұрпақ санасын жаңғыртатын рухани орталыққа айналмақ.

Шара барысында аудан әкімі Тимур Шиниязов тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ауылдың мәдени-рухани дамуына бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде:
– Кітапхана ұлттың зердесін сақтайтын алтын көпір. Бүгінгі жаңа ғимарат ауыл жастарының білімге ұмтылысын арттырып, оқырман мәдениетін қалыптастыратын маңызды рухани орталық болады деп сенемін. Мемлекет басшысы айтқандай, кітап оқитын ұлт қана бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастырады. Сондықтан мұндай игі бастамалар әрдайым қолдау таба береді, – деді.

Жиынға ауылдың қадірлі азаматы, білім мен тәрбие саласына ұзақ жылдар еңбек сіңірген ардагер ұстаз Жұпар Хамзина арнайы қатысып, ақ батасын берді.
Ұлағатты ұстаз өз сөзінде ауылдың рухани келбетін айшықтайтын осындай игі істің кейінгі ұрпақ тәрбиесіне үлкен серпін беретінін айтып, жастарды кітаппен дос болуға шақырды.

Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген әсерлі сәттердің бірі лента қию рәсімі болды. Жаңа нысанның лентасын аудан әкімі Тимур Серікұлы мен Күйгенкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Зейнолла Рахмушевке берілді. Ақ жаулықты аналардың ақжарма шашуы салтанаттың сәнін арттырып, ізгі тілектер легіне ұласты.

Одан кейін аудан әкімі мен ауыл тұрғындары жаңа кітапхана ішін аралап, заманауи талапқа сай жабдықталған оқу залдарымен, кітап қорымен және оқырмандарға жасалған мүмкіндіктермен танысты.
Кеш барысында кітапхана оқырманы Інжу Салауат ақын Ә. Нілібаевтың «Кітап туралы» өлеңін нақышына келтіре оқып, жиылған көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Айта кетейік, Күйгенкөл модельді ауылдық кітапханасы бүгінде ауыл руханиятының шамшырағына айналған мәдени ошақтардың бірі саналады. Қазіргі таңда кітапхана қоры 23 мың дана кітаппен толыққан. Бір жыл ішінде 604 тұрақты оқырманға қызмет көрсетіп, келушілер саны 7115-ке жеткен. Ал кітап берілімі 15 054 дананы құраған.
Жаңа ғимараттың мердігері Абзал Мұратқалиев. Жалпы құны 18 миллион теңгені құрайтын нысанның аумағы 110 шаршы метр. Заманауи үлгіде бой көтерген кітапхана ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге толық мүмкіндік береді.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі атынан кітапханаға толық жинақталған компьютер сыйға тартылып, бұл ауыл жастарының цифрлық білімге қол жеткізуіне жасалған тағы бір үлкен қолдау болды.
Сондай-ақ бүгінгі маңызды сәтте жаңа кітапхана ауласында көшет отырғызу рәсімі ұйымдастырылды. Игі шараға аудан әкімі бастаған мекеме басшылары мен ауыл азаматтары белсене атсалысты.

Жаңа кітапхана тек кітап оқитын орын емес, ой бөлісетін, рухани дамитын, жаңа идеялар туындайтын мәдени ортаға айналмақ. Ауыл руханиятына тың серпін берген бұл күн Күйгенкөл тарихындағы жарқын белестердің бірі болып есте қалары анық.
Бану Саматқызы
Жәнібек ауданы