Бәйтерек аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған «Шың» сазды-драма театры жаңа маусымын ашты. Жаңа маусым тұсауы жас болса да талай белесті бағындырып, көрермен көңілінен шығар талай спектакль ұсынған жас режиссер Әліби Жанәбілов пен Бақтияр Жақсымбетов жазған «Құйын» экспериментальды трагедиясымен кесілді. Қолда бар деректі құжаттар мен Қ.Әбеновтің «Аллажар» фильмі негізінде сахналанған қойылым көпшілік көңілінен шықты.
1986 жылғы желтоқсан көтерілісін сахналанған туынды тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтардың өмірі мен елдігінен айырылғалы тұрған елдің жанайқайын ашық баяндады.
Азаттық деп алаңға шыққан жастардың жанарларында лаулаған от, бейбіт күнге деген сенім және оларға артылған айғақсыз айып пен жабылған жалған жала қойылымда ақ пен қараның күресіндей суреттеледі. Саяси шындықты барынша бүкпесіз жеткізілген оқиға мен бұрмалаусыз көрсетілген көрініс жиналған бұқараның рухын оятты. Театр өнерпаздарының шеберліктері арқасында қалың көрермен сол шаққа барып қайтқандай күй кешті. Қойылым соңында жас актерлардың шеберлігіне разы болған ағайын тік тұра қол соғып, актерларға ризашылықтарын білдірді.
Қойылымнан соң көрермен атынан сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр туынды авторлары Әліби Жанабілов пен Бақтияр Жақсымбетовке және барша театр ұжымына алғысын білдіріп, өнер ордасының жұмысына оң бағасын берді.
- Орда бұзар шаққа жеткен тәуелсіздік мерекесіне орай біздің «Шың» театры тарихи тақырыпқа түрен салды. Жоғары деңгейде қойылған «Құйын» экспериментальды трагедиясы өткенімізге көз салып, рухани тынығуымызға сеп болды. Бұрындары өзге аудандардың халықтық театрларына қызыға да қызғана қарайтын едік. Енді, міне, алпыс мың халқы бар біздің аудан да өз театрын ашты. Әліби бауырымыз бастаған театр күні кеше ғана құрылғанымен, биік белестерді бағындыруда. Алдағы жұмыстарыңа тек сәттілік. Біз өздеріңдей жастарға сенеміз,-деді Нұржан Тоғызбайұлы.
Кейін «Шың» сазды-драма театрының ұжымына аудан әкімі Марат Тоқжанов атынан алғысхат пен ықылас гүлі табыс етілді.
Одан бөлек ауданда жастар саясатын дамыту еңбек етіп жүрген Кенесары Бұлғанбаев пен «Зейнұр Сақтайға БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дулат Имашев атынан алғысхат табысталды.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz