23.06.2023, 15:00
Оқылды: 20

Құқық бұзушылыққа тұсау болмай тұр

Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиында кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық және кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың, жол-көлік оқиғаларының, қоғамдық орындарда мас күйде жасалған және көшелерде орын алатын қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды.

20230621094925_IMG_0889

Комиссия отырысында  кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық және кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша қабылданған шаралар жөнінде Казталов ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Миржан Тілеубаев баяндама жасады. Ол биыл кәмелетке толмағандардың қатысуымен 4 қылмыстық іс, 91 әкімшілік құқықбұзушылық, кәмелетке толмаған азаматшаға қатысты зорлық-зомбылық дерегі бойынша бір қылмыстық іс тіркелгенін атап өтті.

- Қылмыстық істер дене жарақатын келтіру, ұрлық фактілері бойынша орын алды. Үш қылмыстық іс бойынша кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жетпеулеріне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы шешімі қабылданды. Бір қылмыстық іс бойынша қазіргі таңда шешім қабылдау үшін, Казталов аудандық полиция бөлімімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал кәмелетке толмаған азаматқа (қыз бала) қатысты қылмыстық істе қыздың нағашы атасының зорлауға әрекет жасағандығы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде, - деді полиция бастығының орынбасары.

20230621094953_IMG_0893

Миржан Тілеубаевтың сөзіне сүйенсек, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеушілік қылмыстарды болдырмау, сондай-ақ осы санаттағы қылмыстар бойынша Казталов ауданы аумағында 12 қолайсыз отбасы, өгей анамен 15 ер бала, 14 қыз бала, өгей әкемен тұратын 45 қыз бала, 48 ер бала қазіргі таңда жіті бақылауда тұр. Оларды полиция қызметкерлері үнемі тұрғылықты мекен-жайларынан тексеріп, бақылауды жүйелі түрде жүргізіп отыр-мыс. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылық тақырыбында балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерін де назардан шығармау қажеттігін айтты.

- 2020 жылы Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы суицид жасады. Соңғы 2 жылда суицидке ұмтылу оқиғасы көбейіп отыр. 2021 жылы – 2 (Қоныс ЖОББМ, Жалпақтал колледжі), 2022 жылы – 2 (Г.Бегалиев атындағы ЖОББМ, Ғ.Молдашев атындағы ЖОББМ) өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелді. Бұл мәселені де назарда ұстап, тиісті жұмыстарды атқарып отырмыз. Сонымен қатар биыл аудандық білім беру бөлімі тарапынан «Komek Stop Bullying» пилоттық жобасы мен «Тәлімгерлік» жобалары жүзеге асырылады, - деді бөлім басшысы.

Аудан әкімі кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқықбұзушылықтың және олардың қатысуымен болатын қылмыстың алдын алу бағытында жұмысты күшейту қажеттігін тілге тиек етті.

-Ауданымызда бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын. Балалар арасындағы құқықбұзушылық және олардың қатысуымен болатын қылмыстардың алдын алып, үнемі бақылауда ұстау қажет. Ата-ананың жауапкершілігі төмен болса ата-ана құқықығынан айыру мәселесін қараған жөн. Сондықтан профилактикалық жұмысты арттырып, нәтижелі жұмыс көрсетіңіздер. Заң аясында тиісті шараларды қабылдау қажет, - деді аудан әкімі.

20230621095000_IMG_0894

Аталған мәселеге қатысты бұрын сотталған азаматтармен, қолайсыз отбасылар есебіндегі ата-аналармен жұмыстарды жетілдіруге қатысты ұсыныстар да айтылды. Оның ішінде атқарылған жұмысты баяндамай, мәселені шешу жолдарын ұсыну қажет екені ескертілді.

Комиссия отырысында қаралған тағы бір мәселе жол-көлік оқиғасының алдын алу. Жуырда ғана Казталов-Жәнібек автожолының 18 шақырымында жантүршіктірер жол-көлік оқиғасы орын алған болатын. Бұл ауданымызда биыл тіркелген төртінші жол-көлік оқиғасы екен. Оны Казталов аудандық полиция бөлімінің, әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Нұрхан Ғазезов мәлімдеді.

- 2023 жылдың 6 айында барлығы 8 жол-көлік оқиғасы орын алды. Соның ішінде 4 оқиға жеңіл санаттағы жол-көлік оқиғасы болып есепке алынбауына байланысты әкімшілік хаттама толтырылды. Ал төртеуі қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жол-көлік оқиғасы ретінде есепке алынды. Аталған жол-көлік оқиғалары салдарынан үш азамат қайтыс болып, бір азамат жарақат алды. Талдай келе жол-көлік оқиғасының екі дерек автокөлікті масаң күйде басқарғаны үшін, 1 дерек үй жануарларына соқтығысуына байланысты, 1 дерек автокөліктің істен шығуына байланысты орын алған, - деді Нұрхан Ғазезов.

Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жол жүру ережелерін бұзғандары үшін 924 әкімшілік хаттама толтырылғанын да атап өтті. Жыл басынан бері  ірі қара малдарына  немқұрайлы қарап бағымсыз жіберген мал иелеріне ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408 бабы 1 бөлігімен  барлығы 96 әкімшілік хаттама толтырылып,  аудандық полиция бөлімі тарапынан  түсінік жұмыстары жүргізілген.

Құқық қорғау органдары өкілдері мәлім еткендей, 2022-2023 жылы орын алған ауылшаруашылық жануарларына автокөліктердің соғылу фактілерін талдау нәтижелеріне сәйкес, жол көлік оқиғаларының барлығы дерлік  Чапай-Жалпақтал-Казталов тас жолының  86-198 шақырымы аралығында және Казталов-Жәнібек тас жолының маңындағы Бірік, Тереңкөл ауылдық округтерінің аймағында орын алғаны анықталған. Казталов аудандық полиция бөлімінің, әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Нұрхан Ғазезов бірқатар ауылдық округте мал қамау орындарын ашу қажеттігі жөнінде ұсынысын айтты.

- Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұйрығымен 2021 жылы жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында шығарылған нұсқаулық алгоритмнің біздің ауданымыз бойынша бүгінгі күнге жұмыс жасауы нашар. Себебі, мал қамайтын орын біздің ауданның орталығында бар да басқа ауылдарда жоқ. Малды жол жиегінен бақташысыз жүргенін анықтаған күнде де ауыл әкімдерінің игілігінде   оны айдайтын көлік қарастырылмаған. Осы орайда, ауылшаруашылық  жануарларына  автокөліктердің соғылу фактілерін азайту мақсатында, аудандағы халықтың өмірін сақтап, жолдағы қауіпті сейілту үшін Сарықұдық, Серік, Бостандық, Қоныс, Әжібай, Нұрсай ауылдары мен елді мекендері тұстарынан мал қамау орындарын ашу  және осы салаға жауапты мамандарды жұмылып жұмыс жасауға шақырамын, - деді бөлімше бастығы.

Жол-көлік оқиғаларына қатысты мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Артур Берденов те баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бүгінгі комиссия отырысында қоғамдық орындарда мас күйде жасалған және көшелерде орын алатын қылмыстардың жәйі де талқыланды. Аудандық полиция бөлімі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың 6 айдың қорытындысына сәйкес, Казталов ауданы көлемінде қоғамдық орында – 4, мас күйде – 7, көшеде жасалған 1 қылмыс анықталған.

- Қоғамдық орындарда мас күйінде және көшелерде орын алатын қылмыстарды, сонымен қатар оларды анықтау және жолын кесу мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен күнделікті рейдтік іс-шаралары өткізіліп тұрады. Өткен жылдарға талдау жүргізетін болсақ жыл сайын орын алатын қылмыстардың саны төмендеуде. Қазіргі таңда, алкогольдік ішімдіктерді ішіп, қоғамдық орындарда адамның қадір қасиетіне, әрі қоғамдық имандылықты қорлайтындай масаң күйде жүргені үшін аудан көлемінде 83 тұлғаға қатысты ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 440 бабымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, әр түрлі сомада әкімшілік айыппұлдары салынды, - деді Казталов ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Миржан Тілеубаев.

Құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында көтерілген мәселелер төңірегінде бірқатар ұсыныс айтылды. Әрине, мақсат құқықбұзушылықтың алдын алып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы да бұл мәселелерге аса мән беріп, бірқатар бөлім басшылары мен округ әкімдеріне тапсырмалар берді. Дегенмен, мәселе көтеріліп, алдын алу шаралары жүргізілгенімен, құқықбұзушылық әрекеттерге тұсау болмай тұр. Бұл тек атқарушы биліктің ғана емес, жалпы қоғамның санасын қозғайтұғын мәселе. Заңға пысқырмаған жанға ««әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа» табылса қылмыс та азайып, қауіп те сейілер еді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда көресіні халықтың емес, қара басының қамын ойлағандардан көріп отырғанымыз жасырын емес!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале