28.07.2022, 12:31
Оқылды: 41

Құқықтық кеңес қоғам дамуына сеп

20-21 шілде күндері Батыс Қазақстан облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Бақтыгүл Ағылманова бастаған халыққа құқықтық кеңес беру жөніндегі ақпараттық топ Казталов ауданына келді. «Әділет кеңес береді» жобасы аясында Ақжайық, Бөкей орда, Теректі, Бәйтерек аудандарында болған ақпараттық-насихат тобы Жалпақтал және Казталов ауылдық округтерінің тұрғындарымен және өзге де ауылдық округтердің әкімдерімен онлайн байланыс арқылы кездесті. Жұмыс сапарын Жалпақтал ауылынан бастаған топ округ әкімдігі ғимараты мен халыққа қызмет көрсету орталығында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, әлеуметтік-экономикалық, саяси бағыттағы сауалдарға жауап берді. Бақтыгүл Серікқызы жұмыс тобының мақсаты мен міндетін атап өтті.

4

– Өзім жетекшілік ететін «Әділет кеңес береді» жобасы облысымыздың барлық ауданын, шалғай елді мекендерді қамтиды. Жұмыс тобының құрамында депутаттар, адвокаттар, заң кеңесшілері, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары мен әділет департаментінің мамандары бар. Біздің мақсатымыз – Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы және күні кеше қабылданған заңдарды түсіндіру, халықпен кездесу, «AMANAT» партиясымен бірлесе отырып тұрғындарды жеке қабылдау, құқық қорғау органдары және білім саласының қызметкерлерімен кездесіп, балалар мен жасөспірімдерге қатысты сауалдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген тұрғындарға, жалпы аталған және өзге де санаттағы азаматтарға құқықтық кеңес беру. Түйткілді мәселенің шешімін табуға жәрдемдесу, - деп түсіндірді ол.

5

Ауданға келген жұмыс тобының құрамында Бақтыгүл Серікқызымен бірге БҚО жеке сот орындаушылар палатасының жеке сот орындаушысы Алмаз Даутов, Казталов ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі бөлім басшысы, мемлекеттік аға сот орындаушысы Қуаныш Абдуллин және ауданымыздың Жалпақтал ауылынан БҚО адвокаттар алқасының адвокаты Әміржан Нұғманов, Казталов ауылынан жеке нотариус Данияр Нығметов болды.

Ақпараттық-насихат тобы 21 шілде күні Казталов ауылдық округіне келіп, аудан әкімдігінің ғимаратында мемлекеттік қызметкерлермен офлайн және онлайн байланыс режимінде кездесті. Жиында мамандарға АХАЖ (азаматтық хал актілері жазбалары) бөлімінің жұмысына қатысты, білім, мемлекеттік қызмет саласындағы мәселелер мен ауданымыздың белгілі тұлғаларының есімін ауданымыздың ауылдары мен елді мекендеріндегі көшелерге берудегі қиындықтар жөнінде сауал қойылды. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева халық көкейіндегі «Конституциялық соттың қызметі қандай болмақ?» деген сауалды жолдады.

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде конституциялық реформа жүзеге асырылуда. Мұны халық қолдап, Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық жұмыс тобы өз қызметін жүргізгенімен, тұрғындардың сұрағы толастар емес. Соның ішінде көптеп қойылатын сауалдың бірі – «Конституциялық соттың құзыреті қандай?» деген сауал.

Конституциялық сот жөнінде және еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты мемлекеттік қызметкер ретінде жеке пікір білдіре алмаймын. Маман ретінде Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформа дер кезінде қолға алынды деп айтар едім. Әрине, Ата Заңға енгізілген өзгерістер жөнінде тұрғындарды көп сұрақ мазалайды. Соның ішінде Конституциялық соттың құзыретіне қатысты мәселе қоғамның қызу талқылауына түсіп, әркім өзінше пікір білдіруде. Конституциялық сотты азаматтарымыз бірнеше сатыдан өткен сот шешімдерін бұзып, адамның құқығын қорғау үшін құрылады деп түсініп жүр. Бұл – жаңсақ пікір. Бұл сот, біріншіден, заңдағы қарама-қайшылықты қарайды. Дәлірек айтсақ, қолданыстағы заңдарды қарап, қарама-қайшылық орын алған жағдайда тиісті заңдарға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс білдіреді. Жалпы, еліміздің басты құжатына енгізілген өзгерістер 2023 жылдан бастап жүзеге асырылады. Оның қандай деңгейде орындалатынын уақыт көрсетеді, – деді жұмыс тобының басшысы.

Келелі жиында бұдан өзге де мәселелер талқыланып, округ әкімдері де халықтың құқықтық сауалдарын жеткізді. «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерболат Бекмулдин қонақтарға ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет қалыптасуының басты алғышартының бірі – азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Құқықтық сауат әр адамға керек. Әсіресе, қазіргі заманда. Себебі қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Заң жүрген жерде әр адамның құқығы қоса жүреді. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ. Бұл – әр адам білуі керек болған құқықтық сауаттың әлқиссасы. Ақпараттық-насихат тобының ауданымызға ат басын бұрып келгеніне шексіз ризашылығымызды білдіреміз және жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз, –деді ол.

7

Ақпараттық-насихат тобының жұмысы «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының қабылдау бөлмесінде, халыққа қызмет көрсету орталығында жалғасын тауып, мамандар аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі және білім саласы қызметкерлерімен де кездесіп, саланың заңды сауалдарына жауап беріп, кеңестерін бөлісті. Әттеген-айы, шығынсыз құқықтық сауатты арттыруға мүмкіндік беретін жоба жұмысына қызығушылар қатары аз болды. Себебі 10-ға жуық тұрғын ғана мамандар кеңесіне жүгінді. Бақтыгүл Серікқызы бұл аудан тұрғындарының құқықтық сауатының төмендігінен екенін атап өтті.

– Адам дүниеге келгенде құқығы, онымен бірге жауапкершілігі қоса туады. Әркім өз құқығын қорғау мақсатында ашықтық, дұрыстық керек. Өзі заңды білмеген жағдайда заңгерлердің кеңесіне жүгінуі қажет. Мәселен, Казталов ауданында адвокаттар, жеке сот орындаушылары, нотариустар бар. Осы тұлғалардың немесе депутаттардың көмегіне жүгіне алады. Қабылдауға тұрғындардың аз келуі – құқықтық сауат төмендігінің салдары. Біз халықтың құқықтық сауатын арттыруымыз керек. Қазіргі уақытта халыққа заңгерлер кеңесін тегін алу үшін 119 бірыңғай желісі қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Орал қаласы, Н. Назарбаев көшесі, 208 мекенжайындағы әділет департаментіне келіп немесе 51-35- 45 қабылдау бөліміне, 51-28-79 менің жұмыс нөміріме хабарласып, ауызша кеңес ала алады. Жазбаша түрде де сауалдарға жауап алу мүмкіндігі бар. Құқықтық кеңес қоғам дамуына сеп, – деп қорытындылады ол жиынды.

6

Жұмыс тобының сапары Жәнібек ауданында жалғасын тапты. Айта кетейік, облысымызда ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі үш бөлім бар. Олар: Казталов, Ақжайық, Бөрлі ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі бөлімдер. Облыс орталығында екі бөлім қызмет атқарады. Бірі толық қылмыстық істер бойынша мәжбүрлеп орындауды жүзеге асырса, екіншісі әкімшілік, азаматтық істерді қарайды. Қазіргі таңда облысымызда 79 жеке сот орындаушы, 209 адвокат, 113 нотариус, 220 заң кеңесшісі қызмет етеді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале