23.05.2024, 17:00
Оқылды: 67

«Құлағанға демеу болған азаматтың бәріне алғыс білдіреміз»

Су тасқыны салдарынан талай ауыл тұрғындары үй-жайын тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. Тілсіз жау келіп қалғанда, бас сауғалаған тұрғындардың баспаналары, киім-кешектері су астында қалды. Оларға киім-кешек пен азық-түлік сөзсіз қажет болды.

IMG-20240521-WA0257

 Осындай қиын-қыстау кезде қоғамдық ұйымдар, қайырымды жандар барынша көмек көрсетіп, қолдау білдірді. «Аmanat» партиясы, «Sun city» республикалық партиясы, Ассамблея жастары,  Алғабас жастары, БҚО «Әуе-десантшылар әскері» қоғамдық бірлестігі, «Нурманова» жеке кәсіпкерлігінің балалар киімі дүкені, «Газель» автокөлік жүргізушілері, «Ихсанова» жеке кәсіпкерлігінің «Айша» дүкені, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «БҚО Азаматтық Альянсы» қарғын су келгенде, қапы қалмады. Дереу елге жылу жинап, гуманитарлық көмек жеткізді. Көмек көрсетілгендер саны – 595 отбасы. Мұның ішінде бірнеше рет қайталап көмек  алғандар бар. Киім-кешекпен қамтылғандар саны – 105 отбасы.

IMG-20240521-WA0258

Жәрдем керуені бірі күндіз келсе, бірі көлік кештетіп, түнделетіп жетеді. Оны бөлу үшін жастар уақытпен санаспай, таңға дейін жүрген кездері де болды. «Отан үшін күрес – елге тиген үлес» деген сөзді жүрекке түйген бүгінгі бейбіт күннің батырлары – жастар аянып қалмады. Мақсаттары – халыққа көмекті дер кезінде жеткізу, елдің ештеңеге мұқтаж болып қалмауын ғана ойлады. Үлкен жүк көліктерімен келген жәшік-жәшік, қап-қап гуманитарлық көмекті түсіру, оны отбасыларға теңдей бөлу, оны қайтадан машинаға тиеп, үй-үйді аралап, түсіріп беру үлкен еңбекті, қажырлылықты қажет етеді. Қанша отбасы болса, әр отбасы біреуі мақтайды, біреуі даттайды. Көңілі толатыны бар, толмайтыны бар. Оның бәрін көтере білуге төзімділік пен сабырлылық керек. Көмекті жеткізу үшін еріктілер көлікпен де, су кешіп, қайықпен де барды.

IMG-20240521-WA0262

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Сәкен Мусаның айтуынша, мұндай жауапты да игілікті істе аудан жастары белсенділік таныта білді.

 – Жиған-тергені, дүниесінен бір-ақ мезетте айырылу кім-кімге де оңай емес. Тамақ, киім-кешек, гигиеналық құралдар, шаруашылық заттар жан-жақтан келді. «Елдің қамы үшін қол ұшымызды созбасақ, несіне азамат боп жүрміз?» деген еріктілер қатарында жастар ғана емес, үлкендер де болды.  Ер адамдар тауарларды түсіру,  тізім бойынша тарату жұмыстарында жүрді. Қыз балалар  гуманитарлық көмекті әр отбасыға бөлді. Қапта тұрған картопты, ұнды килограмын, тұрмыстық заттарды данасын санап, реттеп,  теңдей бөлу – әп-сәтте біте салатын шаруа емес. Ауданда су тасқыны кезінде гуманитарлық кезінде ерікті ретінде жүрген  адамдар  тізім бойынша – 65. Табиғат апаты кезінде Орал қаласына көмекке  барған волонтерлер саны – 241 адам. Олардың біреулері бір күн, екі күндеп, кейбіреулері апталап Орал қаласында құм қаптау, қаптармен бөгет жасау жұмыстарында жүрді. Бұл – біздің қолымыздағы тізім. Ел басына күн туғанда жанын салған еріктілер саны іс жүзінде бұдан да көп.  Орал қаласының әкімдігінің марапатына Нұрлыбек Байниязов пен Сағындық Мұхамбетқайырды ұсындық, бұл азаматтардың еңбегі елеусіз қалмай, алғыс хатқа ие болды.  Сырым ауданының волонтер жастарына Орал қаласының әкімі атынан алғыс хат берілді. Әрине, бұл бір адамның ғана еңбегі емес, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болған барлық жастардың еңбегі дер едім.  Су тасқынының салдарынан болған апаттың зардабын жоюға үлес қосқан бірқатар жас аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

IMG-20240521-WA0263

Төтенше жағдай болған кезде көмек қажет болғанда, біздің хабарландыруымызды естісімен ұйымшылдықпен жинала қалған заттарды реттеп, бөліп, уақытында таратуға сеп болған қыздар бар. «Қайсар» спорт клубының, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлері, ауданның спортшыларының еңбегінің зор екендігін атап өту керек. Сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болған азаматтың бәріне алғыс білдіреміз, - дейді Сәкен Нұркенұлы.

IMG-20240521-WA0256

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале