15.02.2024, 16:45
Оқылды: 44

Құлға айналдырар құмар ойынның қасіретіне тосқауыл бола аламыз ба?

«Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын»

Он тоғызыншы ғасырдың ғұламасы Абай Құнанбайұлының ертедегі бұл сөзі ғаламторға тәуелді бүгінгі қоғамға сай келіп тұр. Емшектегі сәби мен еңкиген кәріні телефонға телмірткен бұл заманның басты қасіретінің бірі, еріксіз құмар қылып, құлға айналдырар құмар ойын бүгінде трендке айналуда. Талайларды жылатып, қоғамның тамырына түсіп, тығырыққа тіреген бұл дерт алғаш рет Еуропадан бастау алып, казинолар, ойын автоматтары, алуан түрлі лотореялар  арқылы тыныш жатқан қазақ даласын да жайлай бастады.

IMG_1355

Фото: pixabay.com

Сананы торлаған ғаламтордың қарыштаған дәуірінде талай жанның делебесін қоздырып, айрандай ұйып отырған мыңдаған отбасының шаңырағын шайқалтқан аталмыш ойынның онлайн түрі де өршу үстінде. Ойын автоматтарында кезек күтпей, пеш түбінде жатып-ақ телефонына келген ашық жарнамаға елең етіп, бастапқыда қызығушылықпен ойнап көріп, артынан еңбектеніп тапқан табысынан қас қағым сәтте айырылып, сан соғып, бармақ тістеп жатқан жандар қаншама?!

Мобильді ойындар немесе казино ойындар болсын, адамның есін алып, жүгенсіз ашуға бой алдыртып, айналасындағыларды әуреге салады. Оған себеп, оңай олжаға деген құмарлық. Жалпы құмар ойын сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда ол оңайлықпен келмейді. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Десек те құмар ойыннан байып кеткен адам жоқ. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы «айым оңынан туады» деген соқыр сенімнің жетегіне еріп, қолындағы барын сатып, ойынды жалғастыра береді. Несие, қарызға батқандарымен қоймай, қойнындағы әйелін де ойынға тігіп жіберген азаматтардың ессіз тірліктерін естігенде есіңнен танасың.

Еркектердің құмар ойынға құмартқандары аздай, қазір нәзік жандыларымыз да бұл дерттің шырмауына түсіп, шаңырағының шырайын келтірудің орнына шырқын бұзып жүргендерін құлағамыз жиі шалып жатады. Заман құбылған сайын түрленіп, құрдымға кетірер аталмыш кесел жөнінде аудандық аурухананың психолог-медиатор маманы Анаргүл Ишанова былай дейді:

«Ойынқұмарлық ғылыми тілде «лудомания» деп аталады. Лудоманияға шалдыққан адам алғашқы кезде құмар ойынға тәуелділікті байқамайды және оны мойындамайды. Әуелі көңіл көтеру үшін қызық көріп бастайды да, кейін бұл сезім арта түседі. Құмар ойынды басым көпшілігі оңай табыс көзі ретінде көріп, тегін олжаға батам деп ойлайды. Олай болмайды. Керісінше қалтаңды қағып, соңғы тиыныңа дейін санап бересің. Лудоманның, әлеуметтік жағдайы әлсірегенінен бөлек, ұйқы режимі де бұзылып, жан саулығы мен қатар тән саулығына да зияны тиеді. Уақытылы дем алмаған адамның жүйкесі сыр беріп, бойында өзгелерге деген жек көру сезімі туады. Есірткінің, ішімдіктің адам баласына қандай зияны болса, лудоманияның да сондай кері әсері бар. Бұл дерттің кесірінен кейбір жастар жанұялық өмірлерінің іргетасын қаламастан ажырасып жатады. Психологиялық тұрғыда адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше фактор бар.

Біріншіден, өзіне деген сенімсіздік, өзіндік ұстанымының болмауы, әркімге илану, еліктеу. Өз әлемін шынайы өмірден емес, виртуалды әлемнен іздеу. Екіншіден, өзіне көңіл толмау, жалғыз сезіну. Психологиясы әлсіз адамдар жанұясының, достарының, туыстарының қолдауына зәру келеді. Емделуге сенімділігі жоғары адамдар ғана бұл дертпен күресе алады».

Сондай-ақ психолог маман лудоманияға шалдыққандарға әрдайым дәрігерлік көмегін ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Құмар ойын харам ба?

Жоғарыда көтерілген мәселе жайында Ақтөбе облысы, Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің бас имамы Ерік Сұлтановтың да пікірін қосуды жөн деп таптық:

– Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», - дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол досын көмекке шақырып қана орнынан қозғапты. Данышпан одан жуан ағашты көрсеткенде, тағы көп адам жиналып ырғаса да, орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? – депті, – жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», - деген екен.

Не ұтарын, не ұтпасын білмесе де, «ұтармын» деген ықтималдыққа сүйеніп ақша тігіп құмар ойынына қызығатын адамдар осы мысылдан үлгі алса. Пенде құмар ойындарына бір-екі рет қана барып, сосын бармай қоямын деп жүріп, әдетке айналдырып алудан қорқу керек. Нәтижесі белгісіз, уақыт пен қаражатты ысырап етуші ойындар Құранда «харам» еткен «мәйсир/құмар» («Мәйда» сүресі) санатына кіретіндіктен  шариғатта  тыйым салынады.

Асыл дінімізде құмар ойындары харам етіліп, лағынеттелген. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?».

Харам етілген ойынға қызығушылық танытқан адам жоғарыдағы мысалда көрсетілгендей, басынан өзін тыймаса, соңы өкінішке апарып соқтырады. Өйткені арам жолмен табылған дүниеде береке болмайды. Отбасын сол ақшамен асырамақ болса, отбасы мүшелеріне жұмсалған дүниеден пайдаланған әрбір әрекет үшін күнә жазылады. Жоғарыдағы аятта «құмар ойындар шайтанның лас істерінен» делінген. Құран Кәрімде құмар ойындар мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, қоғамға және моральға тигізетін кесірі бірдей екені көрсетілген.

Сондықтан шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салады. Құмар ойындарына – ақша тігіліп ойналатын кез-келген ойын түрін жатқызуға болады. Еңбексіз әрі пайызбен табылған ақша халал болып есептелмейді. Хазреті Әли мен Абдулла ибн Аббас және бірнеше табиғиндердің пікірі бойынша: «Нарды мен шахматқа құмар (ықтималдыққа сүйеніп ақша тігу) араласатын болса, ол – мәйсир», – деген деректер де айтылады. Ғаламтор жақсы дамып, құмар ойындары әлеуметтік желілерде де етек алуда. Футбол командалары мен нақты бір спортшыға жанкүйерлік танытып, соның жеңісі үшін ақшамен бәстесіп, пайызбен жеңіл пайда табуды көздейтіндер қатары артып отырғаны өкінішті. Алла елшісі «Кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс білдірсе, оның садақа беруі – міндет», - деген (Бұхари). Яғни, адал табысы жоқ жерге шақырудың өзі күнә. Жеңіл табыс, құмар ойындарының бәрі де адамға психикалық және моральдық, материалдық залал келтіретіндіктен, исламда қатаң тыйым салынады. Дүниеқоңыздықтың арты үлкен қауіпке апарып соғары даусыз. Сахабалардың өздері жеңіл табыс түгілі адал еңбекпен келетін дүниеге мүлдем қызығушылық танытпаған. Өйткені, әрбір нәрсе үшін Алла алдында сұралатынымызды олар әсте естен шығармаған. Осы секілді, дүниені өткінші нәрсе ретінде қарап, ақшаға қызығып, құмар ойындарына салынып кетуден сақтану ұрпаққа сабақ болмақ.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»

Тірлігі қазандай қайнаған қаланы айтпағанда, алақандай ауылымыздада шайтанның арбауымен құрдымға құлатар құмардың құрығына ілініп, шырмауынан әзер шыққанжерлестеріміздің бірі, жасы қырықтан асқан, өзін Жарас деп таныстырған ауыл азаматы опық жегізген оқиғасын баяндады:

– Отбасылымын. Үш балам бар. Маған бұл ойын басында бәрі оңай, ішіп-жеміме ғана табылатын азық сияқты боп көрінді. Тиын-тебеннен бастап, кейін балаларымның ауыздарынан жырып, тапқан табысымды салып, тіпті үйдегі тұрмыстық бұйымдарды сатып, ең сорақысы астымдағы көлігімді де бәске тігіп жібергенімді өзім байқамай қалдым. Ақыл тоқтатқан шағымда ақымақтық жасап, шыр-пыр болған жанұямның жанайқайына құлақ аспай, бар уақытымды ойын автоматына арнадым. Өмірден емес, ойыннан алған ұпайым өзіме зор жетістік боп көрінді. Қалтамдағы соңғы тиынымды санап салсам да, бәрібір «ұтам» деген алдамшы үміттің артында жүрдім.Ойынқұмарлықтың кесірінен құлшына жасайтын қызметімнен де айырылдым, жұмыс жасауға аса құлқым да болмады. Микронесиенің түр-түрін алып, уақытында төлей алмай, пайызы күн санап өсіп жатты. Үйде ұрыс-керіс жиілеп, жұбайымның айтқан ақылын елемедім. Айналама қарыз боп, қадірім кете бастады. Жақындарым менен теріс айналып, бір сәтте жер бетінде бар екенімді естерінен шығарғандай болды. Отбасыммен бір шаңырақ астында тұрсам да, сол кезде әлемім бөлек еді. Шырғалаңға түсіп, әбден тығырыққа тірелген сәтте ғана есімді жия бастадым. Кеш болса да жанұямның шырқын өзге емес, өзім бұзғанымды мойындадым, өкіндім. Жіберген қателіктерімнің орын толтыруға тырысып, шынайы өмірге бет бұра бастадым. Психологтың көмегіне жүгініп, кеңесіне құлақ түрдім. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Баланы тәрбиелемес бұрын, алдымен өзіңді тәрибелеу керектігін ұғып, «мына түріммен ер жетіп келе жатырған балаларыма қандай үлгі көрсетіпжатырмын, олар да бір күні менің жолымды қуып, арам іске бой алдырса қайтпекпін» деген сансыз сұрақтар санамды жаулады. Қазір ойынды қойғаныма жарты жылдай уақыт өтті. Тыныш ұйықтап, бұрынғыдай ақша іздеп аласұрмайтын болдым. Бақыттың кілті – жанның саулығы мен отбасы амандығында. Күрмеуге келмейтін қысқа тірлікте барар бағытымыз бен жүрер жолымыз дұрыс болғанға не жетсін?!

«Еңбекпен тапқан нан тәтті»

Жолдасым екеуміз жасымыз қырыққа таяп отбасын құрдық. Бұдан бері 10 жыл өтті. Екі баламыз бар. Жолдасым кеш отау құрғасын ба, басында маған ерекше көңіл бөліп, біреуден ілгері, біреуден кеш жарасымды ғұмыр кешіп жаттық. Екі жақтың  ата-анасына да сыйлы бола білдік. Мен ауруханада жұмыс жасаймын, ол құрылыс саласында. Күндер өтіп, айлар зулап, дүниеге сәби әкеліп, декреттік демалысқа шықтым. Кенеттен тыныш өмірім тынымсыз сәтке алмаса бастады. Жолдасымның жұмыстан жәй келуі жиілеп, тіпті таңға жуық оралатынды шығарды. Үйге көп ақша әкеліп жүрді. Айлық табысының көлемін жақсы білетін мен, мол ақшаның қандай жолмен келгеніне күдіктене бастадым. Бір күні ашық әңгімелесіп, себебін сұрағанымда, «КЕНО», яғни сандық лоторея ойнайтынын жасырмады. Мұның арты жақсылыққа апармайтынын айтып, жоламауын өтіндім. Ол келіскендей болды. Бірақ нәтиже шықпады. Ескі әдетінен жаңылмады. Бұл жолы үйге табыс әкелудің орнына керісінше, тапқанынан айырылып, тіпті балаларымыздың күнделікті керек-жарағына деген азын-шоғын қаржыны жарата бастады.  Жұмысынан шығып, астындағы көлігін де ойынға салып жібергенін артынан білдім. Ойынқұмарлығымен қоса ішетін өнерді шығарды. Жолдастары жанына жоламай, бейтаныс адамға айналды. Үйіміздің берекесі кетті. Азаматымның қарызға батқаны аздай, мен де ауылдағы азық-түлік дүкендеріне берешек болып, дүкен иелері қарыздарын сұрап үйіме келетін болды. Ішер асқа, киер киімге жарымай өмірден баз кешіп, өзіме қол жұмасамақ та болдым. Алайда кішкентай балаларымды жетім қалдырғым келмей, ақылға келдім. Сөйтіп анамды шақырып, емізулі сәбиімді тастап, жұмысқа шығуыма тура келді. Шыдамым шегіне жетіп, бір күні жолдасыма, ажырасатынымды айттым. Менен ондай сөз күтпеген ол, кешірім сұрап, түзелуге уәде берді. Ақырын ақылын жия бастады. Алайда алты ай уақыт өткеннен кейін аты өшкір ойынға қайта барғанын естіп, көңілім түсті. Сол күні Құдайдың ескертуі ме, білмедім,  қызым қатты ауырып, ауруханаға түстік. Білікті дәрігерлердің арқасында аман қалдық. Сол кезде ғана жолдасым тәубесіне келіп, аяғын шалыс басқанын мойындады.  Қазіргі таңда құмар ойынға мүлдем жақындамайды. Десек те әлі күнге дейін берешектерін пайызымен қоса өтеумен келеміз.  Сонда да осы күнімізге шүкірлік етіп, бірде аш, бірде тоқ жүрсек те Алладан жолдасымның теріс жолға түспеуін тілеп жүремін. Ақ сақалы аузына түсіп, ата болар жасқа жеткенде халқымыздың қанында жоқ  жаман қасиетке бой бергені өкінішті. Құмар ойынның қақпанына бір түссең, шығуы қиын. Бойында ерік-жігері мықты адам ғана нәпсісін дер кезінде тыя алады. Жастарға айтар аналық кеңесім,  ешқашан арзан нәрсенің артынан жүгірмеңдер. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге құмартпай, «еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, нанымызды адал  табуға ұмтылыңдар, - дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтініп, басынан кешкен оқиғасымен бөліскен ауыл тұрғыны.

Тақырыбымызға тұздық болғандай, 30 қаңтар күні «Respublica» партиясының Батыс Қазақстан бойынша филиалы мен Ассамблея жастарының ұйымдастыруымен лудоманияның «ойынқұмарлықтың» алдын алу және оған қарсы күрес шараларын талқылау мақсатында «Құмар ойынға тәуелділік»  және 9 ақпан күні Орал қаласындағы «Отбасы» орталығында «Кибералаяқтық және лудомания – қоғамд дерті» тақырыбында кездесу өткен болатын. Бұл жөнінде аталмыш шаралардың ұйымдастырушысы, «Respublica» партиясының БҚО-дағы ресми өкілі, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің БҚО өкілдігінің төрағасы Дулат Мақатовтан пікір сұраған болатынбыз.

– Ойынқұмарлық – аса қауіпті психологиялық дерт. Бұл дерт нашақорлықтан да ауыр болып келеді, себебі наркологиялық, ішімдік пен шылымға тәуелділіктен адамдар емделіп жатса, ойынқұмарлықтың дауасын табу қиынға соғады. Бұл аурудың қорытындысы адамды жақындарынан алыстатып, өмір маңыздылықтарынан ажыратады. Ойынқұмарлық адам ғұмырындағы басқа бөліктеріне қатты әсер етеді, бірақ оны ойнап жүрген жан байқамауы, мойындамауы мүмкін. Адамның денсаулығына, жеке өміріне, отбасындағы қарым-қатынасқа, жұмысына әсер етіп, достарының арасындағы сенім, абырой-беделден айырады. Ең басты ақаулық, ойынқұмар өзін «ауру емеспін» деп есептейді. Кез келген уақытта тоқтай аламын деп ойлайды. Алайда уақыт өте келе өзінің қалай құрдымға кетіп бара жатқанын байқамайды, - деді.

Сондай-ақ Дулат Нұрланұлы өкінішке орай, бұл процесті емсіз тоқтату мүмкін еместігін айта кетіп, өткізілген шара барысында «Respublica» партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтің қолдауымен түсірілген «Ойынқұмарлық – тәуелділік» (Лудомания) деректі фильмін көрермен назарына ұсынып, фильмнің соңы ақпараттық жұмыстармен әлі де толықтырылуүстінде  екенін жеткізді.

Газетіміздің осы санында көтерілген мәселенің ұшқыны түсінген жанның жүрегіне жетіп, сабақ болар деген сенімдеміз. Ризық-несібемізді арам іске емес, адал дүниеге жаратсақ, адамнан алғыс, Алладан сауап аларымыз сөзсіз. Болмайтын бақ қуғанша, тырнақтай тірлік жасалық. Әңгімеміздің әлқиссасын Абайдың сөзімен бастадық, Абайша түйіндесек:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз».

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале