12.04.2018, 11:46
Оқылды: 77

Құлпытастардың қасақана жойылуы аудан тарихын түзетуге кедергі

Зеленов ауданы орталығында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Құлпытастар сыр шертеді» атты дөңгелек үстел өтті.

Ел тарихын түгендеу мақсатында кітапхана ұжымы ұйымдастырған шараға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Ахметжанова, Асан ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек қажы Жахатов, аудандық «Ауыл тынысы» газетінің директор-редакторы Нұржан Дүзбатыров, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресуртық орталық басшысы Нұржан Ешмұратов, ауыл ақсақалдары мен кітапхана оқырмандары, кітапханашылар, оқушылары мен жастар қатысты.

Алдымен келген қонақтарға қош келдің айтқан Бибігүл Меңдіғалиқызы: - Дала төсінде самсап тұрған құлпытастар халқымыздың небір тарихын сақтаған. Қазақ халқының терең танымы, мол тарихи дерегі хатталған құлпытастардың сырын ашам деген зерттеушілер мен өлкетанушылардың еңбегі ұшан-теңіз. Кешегімізді түгендеп, бүгінімізбен жалғап жүрген жандардың ісі ертеңге үлгі, - деді.

Кейін «Ауыл тынысы» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Нұржан Тоғызбайұлы сөз алып, аудан аумағынан көне құлпытастардың табылуы мен олардың тарихи маңыздылығы жайынан кең мағлұмат беріп өтті.

– Ауданнан табылған құлпытастар осы күнге дейін аудан тарихына қатысты айтылып келген жаңсақ пікірлерге түбегейлі тосқауыл. «Зеленов ауданы тек орыс-казак переселендерінің келуімен пайда болды» деген пікірдің дақпырт екендігін көрсетеді. ХVІІІ-ХІХ ғасырға тиесілі құлпытастар бұл аймақтың қазақтардың атажұрты екендігін дәлелдейді, - деген ол кей құлпытастардың қасақана сындырылуы, жойылуы аудан тарихына қатысты ақтаңдақтарды түзетуге кедергі болып отырғанын айтты.

Кешегінің көзін ашып, тарихымызды түгендеуде талай іс атқарған Мұратбек қажы Жахатов өңір аумағынан табылған құлпытастар жайында терең мағлұмат беріп өтті. Осы күнге дейін облысымыздың 11 ауданынан табылған 3 мыңға жуық құлпытасты оқыған ол кейбір би-шешендер мен бай-батыр, хан-төрелердің өмір дерегі мен айтқан нақылдарынан үзінділер келтіріп, әсерлі әңгіме өрбітті.

Жиын барысында қатысушылар құлпытас зерделеу ісінің маңыздылығы туралы өз ойларын білдіріп, қоғамды рухани жаңғырту бағытындағы игі бастамаға белсенді атсалысуға уағдаласты.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале