Бүгін – Теректі ауданы Құмақсай ауылдық округі үшін өте маңызды күн. Өйткені халық өз ауылының әкімін сайламақ. №355 сайлау учаскесіне таңсәріден келген жан көп.
Бұл аталмыш ауыл жұртшылығының туған топыраққа бей-жай қарамайтындарын аңғартады. Соның ішінде бәрінен бұрын келіп, таңдауын жасаған құмақсайлық жас Айгерім Аманжолдың ісі өз замандастарына һәм ауылдастарына үлгі болары хақ.
–Ауыл әкімдерін тікелей халық сайлауы бұрынғы тағайындау жүйесіне қарағанда айтарлықтай өзгеріс әкелді. Бұл қадам халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге ауыл тұрғындарының тікелей қатысуына мүмкіндік береді,- деді ол өз сөзінде.
«Отбасым үшін маңызды»
Ауыл әкімдерін сайлау процесінің табысты болуы ең алдымен ауыл тұрғындарының белсенділігі мен саналы таңдауы арқылы жүзеге асады. Тұрғындардың өз құқықтарын біліп, үміткерлердің бағдарламаларын мұқият зерттеп, дауыс беруі маңызды. Осы орайда асқан жауапкершілік танытқан Бабановтар отбасы бас бірлік көрсетіп, өз дауыстарын берді. №355 сайлау учаскесіне таңмен таласа келген олардың мақсат-мұраты – ауыл ертеңінің жарқын болуы.
– Құмақсай ауылы шағын болса да, тындыратын жұмыс көп. Бүгінге дейін ауыл әкіміне үміткерлер өз бағдарламаларын таныстырып, әкім болған жағдайда білек сыбана кірісетін алдағы істерін жеткізді. Бұл ең әуелі бүтін ауыл және отбасым үшін өте маңызды. Сол үшін салғырт қарамай, әйелім екеуіміз өз таңдауымызды жасадық,- деді отағасы Масигут Бабанов.
Комиссия төрағасы Ержан Құлниязов жас буынға үлгі көрсеткен отбасыға естелік сыйлық табыстады.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы