«Тәуелсіздік» саябағында аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле, күй – домбыра!» атты мерекелік концерт өтті. Алдымен сахна төріне жүзге жуық домбырашы шығып бәрі қосыла Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлерін мерекеге орай көрермендерге тарту етті. Одан әрі аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев сөз алып, барша жерлестерді айтулы күнмен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
Шара барысында аудандық мәслихат депутаты, «Жолаушы-жол» ЖШС директоры Саламат Сертеков аталмыш мерекеге орай Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебіне қара домбыра тарту етті. Ұлттық аспапты ҚР Журналистер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының магистрі Жанайдар Болатбекұлы табыс етті.
Ән әуелеп, күй төгілген, бимен көмкерілген кеште көрерменнің қарасы көп болды.
- Шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп бекітілгеннен кейін домбыраға арналған республикалық деңгейде концерттер мен шаралар өтіп жүр.
Өзім 2017 жылдан бастап Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінде «Домбыра» сыныбынан ұстаздық қызметте қызмет атқарып келемін. Жұмысқа кіргеннен бастап республикалық, облыстық сайыстарда ауданның намысын абыроймен қорғап жүрмін. Оқушыларым да түрлі облыстық жарыстарға қатысып лауреат атанып жүр. «Күй астанасы –Жаңақала» деп Әбіш Кекілбаев айтып кеткендей, ауданымыздың болашағы балаларға арналған облыстық, аудандық күй байқаулары жыл сайын өтіп тұратындай дәстүрге айналса екен деген ұсынысым бар. Ұлттық домбыра күні құтты болсын. Қасиетті қара домбырамыз жасай берсін, - деді Темірлан Сыралиев.
Қазақтың асыл қазынасы саналатын киелі домбыраға арнайы бір күн берілуі бекер болмас. Халқымыз домбыраны ықылым заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келген. Ендеше бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру өзіміздің қолымызда.
Райхан Амантайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz