8.08.2023, 17:15
Оқылды: 34

Күн қуаты немесе Ақсайдағы жасыл өндіріс

Шетелдік қоғамның өмір сүру дағдысына қызыға да қызғана қарайтынымыз жасырын емес. Табиғатқа зияны аз, жер байлықтарын тиімді әрі қауіпсіз пайдаланатын өмір дағдысы бізді де қызықтырады. Әсіресе күн энергиясын қолданушылар көп. Жасыратыны жоқ, бізде де күн сәулесінен қуат алатын батареяларды қолданатындар бар. Алайда қазақстандықтар бірінші кезекте кәдімгі электр жүйесінің қолжетімсіздігінен күн сәулесінен қуат алуға мәжбүр екені жасырын емес. Ал шынтуайтында қарапайым болып көрінген күннің пайдасы мол. Мұны біз Ақсай қаласындағы «Green Spark Limited» серіктестігінің өндіріс орнына барғанда түсіндік.

Заманауи өндірістегі заманауи кеңсе

Өндіріс орнына келген адамға ең бірінші көзіне түсетіні - кеңсе. Мұнда әкелетін бір жолақты жолда өздерінің бағдаршамы орнатылған. Яғни ешқандай көлік кептелісі болмайды. Міне, осындай қарапайым дүниенің өзі мұнда барлығы оңтайландырылғанын аңғартады.

ГРИН СПАРК (сырты)

Кеңсеге кірген адамды алдымен Face-ID тексеру жүйесі күтіп алады. Одан кейін қабылдау бұрышы мен мамандардың жеке кабинеттері орналасқан. Ерекше дизайнмен әрленген ғимараттың әр бұрышы экологиялық таза қуат көзін алуды көздейтінін еске салады. Бізді күтіп алған серіктестіктегі құрылыс менеджері Андрей Годлевский мекемемен толықтай таныстырды.

– Жалпы бұл өндіріс орнының салынғанына 3 жыл уақыт болды. Ал негізінен компания 2017 жылы құрылып, бүгінде Қазақстаннан бөлек Италия мен Сербияда кеңселері орналасқан. Компанияның негізгі миссиясы - жасыл энергияны тиімді пайдалану тәсілдерін анықтау, мұнай және газ саласын жобалау мен электр энергиясын саудалау. Қазіргі таңда күн сәулесінен қуат алатын батареялар, когенераторлар жасап шығарып жатыр, - дейді Андрей Годлевский.

Бір қызығы, өндіріс орны өзінің жұмысын жүргізу үшін қуат көзін толықтай күннен алып отыр. Сонымен қатар су да өз ұңғымасынан келеді. Тағы бір ерекшелігі, компания өзінің пайдаланған су мөлшерін әлемдік арнайы жүйеде жариялап отырады. Бұл өз кезегінде жерасты суларының мөлшерін бағамдап отыруға сеп болмақ. Сонымен қатар мекемеде шағын метеостанса да бар. Мұнда мамандар ауа райын, ылғалдылық секілді көрсеткіштерді тексеріп отырады.

Жылу да өзі, жарық та өзі...

«Green Spark Limited» жасап шығаратын бірден бір өнім - когенератор. Негізгі миссиясы электр энергиясын алу болып саналатын құрылғының сондай-ақ жылумен де қамтитын мүмкіндігі бар.

КЕҢСЕ (1)

«MAN» жүк көлігінің 4 цилиндрлі қозғалтқышы көгілдір отын көмегімен жұмыс істейді. Күнделікті тұрмыста қолданатын табиғи газ осы қозғалтқыштың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ал қозғалтқыш өз кезегінде генераторды айналдырады. Осының нәтижесінде көгілдір отын электр тогына айналады. Міне, когенератордың негізгі миссиясы осы, электр энергия шығару.

Алайда қозғалтқыш жұмыс істеп тұрғанда температурасы жоғарылайтыны және оны салқындатып отыру керектігі заңдылық. Компания мамандары бұл құбылысты да тиімді пайдалануды жөн көрген. Нәтижесінде қозғалтқышты суыту арқылы жылу беретін деңгейге жетілдірген. Қысқасы, бір құрылғыны үйге орнатса, электр энергиясын қажет етпейді. Оның үстіне үйдің жылу жүйесін де осы бір құрылғы атқарады.

Алдағы уақытта бұл когенераторды табиғи газдың емес сутегінің көмегімен жұмыс істейтіндей қайта жетілдіру көзделіп отыр. Айтпақшы, «Green Spark Limited» серіктестігі жасап шығарған судан сутегі өндіретін құрылғы да бар.

Су қалай отынға айналады?

Табиғатта таза сутегі көп көлемде кездеспейтіндіктен сутегі отынын өнеркәсіптік ауқымда өндіру үшін көбіне бастапқы энергияны қолданады. Соның ішінде сутегі отынын метан немесе су электролизінен алуға болады. Ал сол отын түрін пайдалану ауқымы кең.

КҮН БАТАРЕЯСЫ (2)

Сутегі отыны сұйық отынды зымырандар, автомобиль, жүк көлігі, пойыз, қайық пен ұшаққа қолданады. Соңғы уақытта сутегі отынымен жүретін көліктердің де саны артып келеді. Себебі қазіргі жеңіл көліктердегі іштен жану қозғалтқышының пайдалы әсер коэффициенті 35 пайызды құраса, сутегі отынымен жүретін көліктерді 45 пайызға жетеді. Міне, осы себептен көлікке сутегі отынын пайдаланатын қозғалтқыш енгізу жобасын қолға алғандар көп.

«Green Spark Limited» жасайтын тағы бір өнім - электролайзер. Бұл құрылғы үйге тартылған ауызсуды артық тұздардан тазартады. Одан бөлек құрылғының ауызсудан оттегі мен сутегі бөліп алу мүмкіндігі бар. Ал ауызсуды тазарту жұмысы кері осмос жасау арқылы жүзеге асырады. Құрылғы бөліп шығарған оттегіні медицинада, өндіріс орнында қолдануға мүмкіндік бар. Ал сутегі отын қызметін атқара алады.

Күн сәулесін сатуға болады

Серіктестіктің негізгі бағыты - күн сәулесінен қуат алатын панельдер. Қазіргі таңда мұнда бірнеше түрлі қуаттылығы бар күн батареялары жасалып жатыр. Ал бұл өнімнің алғашқы тұтынушысы «Green Spark Limited» серіктестігінің өзі.

ЭЛЕКТР ТОРАБЫ

– Өндіріс орнының төбесінде орналасқан күн сәулесінен қуат алатын батареялар дәл қазіргі кезде ғимаратты толық электр жүйесімен қамтып тұр. Дегенмен қажет уақытта біз де жергілікті электр тарату тораптарынан ток көзін аламыз. Соның ішінде өндіріс қуаты артқан кезеңдерде қосымша күш қажет болады. Одан бөлек ауа райы да маңызды рөл ойнайды, – дейді құрылыс менеджері.

ӨНДІРІС АЙМАҒЫ

Жалпы мұндағы күн батареяларының әр қайсысы 500 Вт энергия өндіреді. Панельдер күн сәулесі арқылы энергия таратады және арнайы батареяларды толтырады. Сондай-ақ ғимарат күн сәулесінен алынған энергияны бөлісе де алады. Мысалы, өндіріс орнының ғимараты шамамен 15 кВт энергияны қажет етеді. Ал күн панельдері ауа-райы ыстық кезде 18-19 кВт өндіруі мүмкін. Міне, осындай кезде серіктестік артық ток көзін қалалық электр  тарату тораптарына жібереді.

ҰҢҒЫМА

Аслан Жайқонысұлы,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

КОГЕНЕРАТОР (1)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале