Қызылша – еліміздегі күн тәртібінен түспей отырған мәселе. Жағдай ушықпаса, жақсарып тұрған жоқ. Күні кешеге дейін біздің облыс бойынша эпидахуал тұрақты, қызылша ауру бойынша науқас тіркелген жоқ деп едік. Басқа басқа ауру тұрғысында арқаны кеңге салуға болмайды. Аурудың алдын алуымыз керек. Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновтың төрағалығымен өткен жиында дәл осылай айтылды.
Аудандық санитариялық-эпидемиялық бақылау басқармасының бас маманы Гүлнар Сұлтанғалиеваның айтуынша, облысымыз бойынша 216 науқас қызылша дертіне шалдыққан. Оның 147-сі 14 жасқа дейінгі балалар. 136 жағдай Оралда, 31 жағдай Бөрлі ауданында, 19 жағдай Сырым ауданында тіркелген.
– Бұл ағымдағы жылдың 20 қарашасындағы ақпарат. Ал, қызылша ауруы ауамен тарайтын, бір басталса, қызыл жалындай дес бермейтін өте жұқпалы ауру. Ауру жұққан науқас саны күн сайын емес, сағат сайын өсетінін ұмытпайық. Негізінен қызылша ауруы екпе алмағандар арасында кеңінен тарап отыр. Санға шағып айтсақ, қызылшаға шалдыққандардың 94%-ы түрлі себептермен екпе алып үлгермеген. Ал, 35%-ы екпе алудан бас тартқандар, – дейді Гүлнар Амангелдіқызы.
Баяндамашы аурудың белгілері мен инкубациялық кезеңдері туралы да толық мәлімет берді.
Ауданымыздың бас дәрігері Анарбек Белисанов жыл басынан 516 бала екпе алуы керек деп жоспарланса, соның 455-і жоспарлы екпелерін алғанын мәлімдеді.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың 6 қарашадан бастап аудан бойынша қосымша жаппай иммундау басталды. Егілуге жататын контингент: 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға және 2 жастан 4 жасқа дейінгі балаларға кезең-кезеңмен жасалады. Алты айдан 10 айға дейін егілетін балалар саны – 88, екпе алған саны – 20 бала. Өкінішке қарай белгілілі бір түсінік, сенімдерін алға тартып, екпе салдырудан бас тартқан ата-аналар біздің ауданда да аз емес. Аудан бойынша балаларының екпеден бас тартқан ата-аналар саны – 50, соның ішінде қызылшаға қарсы екпеден бас тартқан – 38 ата-ана, – дейді аудандық аурухананың басшысы.
– Қызылша шықса, сонау Шымкенттен шығыпты, Алматыда ушығып тұр екен деп, жағаны жайлауға жіберіп отыруға болмайды. Қытайдан басталып, әлемді түгел шарпыған кешегі короновирусты ұмытпайық. Ол үшін әрине, аурудың алдын алатын іс-әрекетке көшуіміз керек. Екпе алудан бас тартты екен деп қарап отырмайық, маман ретінде айтып түсіндірейік, екпе алмаудың салдары қалай боп жатқанын нақты фактілермен дәлелдейік. Баласы үшін жанын беруге даяр ата-ана мұндай толыққанды ақпараттан кейін екпеден бас тартып, баласының басын тәуекелге тікпес. Діни түсініктерін алға тартып, екпе алудан бас тартқан ата-аналар болса, олармен ауданымыздың теологы сөйлессін, екпенің маңыздылығын түсіндірсін, – деді Кенесары Нұршинов.
Аудан әкімінің орынбасары осы мәселе бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма беріп, аурудың алдын алу іс-шараларын пысықтауды тапсырды.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz